Елімізде жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы бекітіледі

17 Ақпан 2023, 16:42
1615
Бөлісу:
Елімізде жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы бекітіледі
Фото: Ел Арна

Елімізде жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы бекітіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ОКҚ-да IT саласын дамытуға қатысты өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі IT-саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов айтты.

Оның айтуынша, Үкімет технологиялық саясат кеңесінің алаңында 3 негізгі технологиялық бағытты анықтады. Олар: MedTech, AgriTech және GreenTech. 

Ол үшін тиісті IT-технологиялар қажет. Бұл ретте жасанды интеллект технологияларына ерекше мән беріледі. Жақын арада осы бағытқа баса назар аудару жоспарланып отыр. Алғашқы қадамдардың бірі биыл жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын бекіту көзделген. 2029 жылға қарай IT-саланы дамыту тұжырымдамасы шеңберінде отандық IT-нарықты одан әрі қолдау және дамыту үшін алдымызда мынадай мақсаттар тұр, - деп түсіндірді Ерсұлтан Ерманов.

Атап айтқанда, цифрлық технологиялардың ел экономикасының өсуіне қосатын үлесін 1%-ға жеткізуді қамтамасыз ету, IT-қызметтердегі жергілікті қамту үлесін 67,6%-дан 80%- ға дейін арттыру, IT өнімдер мен қызметтер экспортының жалпы көлемін 1,5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту, ел экономикасы үшін 250 мың білікті IT-маман дайындау, Tech Orda бағдарламасы бойынша 45 мыңға жуық ваучер беру, өңірлерде 60 заманауи мектеп ашу.

Өзгелердің жаңалығы