Елімізде жас сарапшыларға арналған жаңа зерттеу жобасы басталды

Жоба жас сарапшылар үшін тәжірибе жинақтап, кәсіби ортаға енуге мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ.

 BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 21:50
Бүгiн 2026, 21:50
104
Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда жас зерттеушілер мен сарапшыларды қолдауға бағытталған жаңа бастама іске қосылды. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Jastar Research Hub жобасының басталғанын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоба жастардың аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға, зерттеу жүргізу дағдыларын жетілдіруге және жаңа буын сарапшыларын қалыптастыруға бағытталған. Бағдарламаға магистратура мен докторантурада білім алып жүрген студенттер қатыса алады. Өтінімдер 2026 жылғы 4 мамыр мен 4 маусым аралығында қабылданады.

Іріктеу нәтижесінде мемлекеттік органдар мен әлеуметтік сала өкілдерінен құралған комиссия 20 қатысушыны анықтайды. Таңдалған үміткерлер 15–19 маусым күндері ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында өтетін бір апталық оқу бағдарламасына қатысады.

Оқу барысында қатысушылар аналитикалық және зерттеу дағдыларын жетілдіріп, нақты кейстер негізінде жұмыс істеуді үйренеді. Сонымен қатар жоба аясында қатысушыларға кейін де қолдау көрсетіліп, үздік зерттеу жұмыстары мемлекеттік органдарға ұсынылады.

Бағдарлама бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Атап айтқанда, жастар саясаты, инфрақұрылым мен туризм, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект, мемлекеттік басқару, мәдени дипломатия мен креативті индустрия, сондай-ақ өңірлік саясат пен қоғамдық көңіл-күй тақырыптары қарастырылады.

Жоба жас сарапшылар үшін тәжірибе жинақтап, кәсіби ортаға енуге мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ.

Наверх