Елімізде волонтерлік туралы заңнаманың іске асырылуына мониторинг жүргізіледі

19 Тамыз 2022, 11:55
844
Бөлісу:
Елімізде волонтерлік туралы заңнаманың  іске асырылуына мониторинг жүргізіледі

Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Орталық Азия волонтерлері форумының пленарлық сессиясында айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Сенат спикері Қазақстанда волонтерлік қозғалыс мақсатты және жүйелі негізде дамып келе жатқанын айтты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялады. Мәулен Әшімбаев бұл бастама Қазақстанда волонтерліктің дамуына айтарлықтай тың серпін бергенін тілге тиек етті.

Сол кезеңде пандемияның басталғаны белгілі. Сондықтан Қазақстан Президентінің волонтерлікті қолдау жөніндегі бастамасы уақтылы және маңызды шара болды. Шын мәнінде, еріктілер медицина қызметкерлерімен бірге коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрді. Волонтерлер көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіп, ауқымды жұмыс істеді. Сол кезде батылдық танытып, қажырлы еңбек еткен барша еріктіге тағы да алғыс білдіреміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев өткен сессияда Қазақстан Парламенті Волонтерлік қызметті дамыту туралы заңға түзетулер енгізгенін де атап өтті.

Аталған өзгертулерде еріктілерді мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылар қатарына қабылдау және мемлекеттік қызметке орналасу кезінде волонтерлік қызметті назарға алу туралы ережелер қамтылған. Сондай-ақ мемлекеттік наградалармен марапаттау және коммуналдық мүлікті сенімгерлік басқаруға беру арқылы волонтерлік қызметті ынталандыру шаралары енгізіліп жатыр. Заңда басқа да нормалар қарастырылған.

Парламент Сенаты елдегі волонтерлік қызметті одан әрі дамыту мәселелерін әрдайым бақылауда ұстап отырады. Бұл бағытта басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Волонтерлік туралы заңнаманың елімізде, әсіресе, өңірлерде іске асырылуына мониторинг жүргізудің маңызы зор. Қажет болған жағдайда құқықтық базаны жетілдіре түсеміз, – деді Сенат спикері.

Ол елде волонтерлік қозғалысты одан әрі дамыту үшін инфрақұрылымдық негізді тексеру керектігіне де назар аударды.

Сондай-ақ волонтерлікті қолдау стандартын енгізуді жеделдету қажет екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы