Елімізде Үйлестіру кеңесінің жаңа құрамы сайланды

15 Ақпан 2024, 11:37
554
Бөлісу:
Елімізде Үйлестіру кеңесінің жаңа құрамы сайланды
Фото: Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Telegram-каналы

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің жаңа құрамы сайланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

9 ақпанда Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүшелерін сайлау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Биыл Үйлестіру кеңесінің 16 мүшесінің мерзімі аяқталды, сондықтан жаңа үміткерлерге конкурс жарияланды. 

Үміткерлерден 42 өтініш түсті, бұл орайда Астана қаласы мен Ақтөбе облысы өте белсенділік танытты. Өтініш берушілердің жалпы санынан дауыс беру нәтижелері бойынша кеңестің 28 мүшесі сайланды. Оларға Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін үйлестіру бойынша өте маңызды функциялар жүктелген, - деп атап өтті Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев. 

Айта кетейік, Үйлестіру кеңесінің жаңа құрамы жасырын дауыс беру арқылы анықталды. Үйлестіру кеңесінің тізімімен танысу үшін мына сілтемеге өту керек. 

Бүгінгі таңда Үйлестіру кеңесі 37 адамнан тұрады, оның 9-ы бұрынғы құрамнан, 28-і жаңадан сайланған. Үйлестіру кеңесінің жаңа құрамына 23 әйел және 14 ер адам кірді. Сапалық құрамы мынадай: 29 заңгер, 3 дәрігер, 2 мұғалім, 3 психолог. 

Айта кетейік, үйлестіру кеңесі – адам құқықтарын қорғау саласындағы күш-жігерді үйлестіру үшін құқық қорғау ұйымдарының өкілдерін, азаматтық белсенділер мен сарапшыларды біріктіретін орган. Кеңеске ҰАТ мандат берген мекемелер мен ұйымдарға профилактикалық тексеріс жоспарларын бекіту, ҰАТ қатысушыларының қызметін бақылау және әлеуетін арттыру, ҰАТ пен мемлекеттік басқару жүйесі арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету міндеттері бар.

Өзгелердің жаңалығы