Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше 27 елдің авиациялық билік орындары басшыларының қатысуымен Еуропалық Одақтың Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Комитетінің отырысы өтті.
Онда Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы ахуал және ұшу қауіпсіздігі жөніндегі есебі тыңдалды, деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған, құрамында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің кеңесшісі Азат Бектұров, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Бас директоры Каталин Раду, ҚР Бельгиядағы Елшілігінің және «Эйр Астана» әуекомпаниясының өкілдері бар қазақстандық делегация Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі саласындағы ілгерілеуі мен қабылдап жатқан шаралары туралы баяндады.
Сондай-ақ, қазақстандық тарап Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) аудиторларының ИКАО-ның Үйлестірілген валидациялық миссиясы (ICVM) шеңберінде тәуелсіз тексеруі туралы хабардар етті. Онда Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 74% - дан 84% - ға дейін арттырды. Бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15% - ға жоғары.
Еуропалық Одақтың Ұшу қауіпсіздігі комитетінің мүшелері Қазақстан қол жеткізген нәтижелерді жоғары бағалады және Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру жөніндегі күш-жігерін қолдады.
Қазіргі уақытта қазақстандық әуе компаниялар үшін Еуропа елдеріне ұшуға шектеу жоқ екенін атап өту қажет.
Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі жағдайының ресми бағасын Еуропалық Одақ биыл маусым айының басында жариялайды.