Елімізде ұшу қауіпсіздігі 84 пайызға дейін артты – министрлік

16 Желтоқсан 2021, 19:41
2624
Бөлісу:
Елімізде ұшу қауіпсіздігі 84 пайызға дейін артты – министрлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Тәуелсіздіктің 30 жылында авиация саласындағы негізгі жетістіктермен бөлісті.

Қазақстанның азаматтық авиациясы мемлекеттілігіміздің арқауы, ол – халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен әл-ауқатына тікелей әсер ететін экономиканың күре тамыры.

Тәуелсіздіктің 30 жылында ұшу қауіпсіздігі көрсеткіші дамыған елдердің деңгейіне көтерілді. ИКАО аудиторларының ИКАО-ның Үйлестірілген валидациялық миссиясы (ICVM) шеңберінде саланы тәуелсіз тексеру қорытындылары бойынша Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 74-тен 84 пайызға дейін арттырды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 15 пайызға жоғары, - делінген ақпаратта.

Ұшу географиясын кеңейту және көліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның 11 әуежайында "ашық аспан" режимі енгізілді. 68 бағыт бойынша 24 елмен жаңа халықаралық әуе рейстері ашылды және жаңартылды, бұл пандемияға дейінгі кезеңнің 66% құрайды.

Тәуелсіздік жылдарында барлығы 18 әуежайда ұшу-қону жолақтарын қайта құру/салу және 13 әуежайда терминалдарды қайта құру/салу жүргізілді. 2020 жылы Түркістанда әуежай салынып, тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы greenfield әуежайы болды. Салада цифрландыруды дамытуға үлкен мән беріледі. "E-Freight" жүк әуе тасымалдары саласында қағазсыз құжат айналымы жобасы іске асырылуда. Жеке деректерді растауға арналған цифрлық құжат қызметі Egov Mobile енгізілді, - делінген министрлік мәліметінде.

Өзгелердің жаңалығы