Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына мемлекеттік сапары аясында Nobel Ilac фармацевтикалық компаниясының басшысы Хасан Улусамен жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады.
Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, елімізде фармацевтикалық зауыт салынады.
Денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру, сондай-ақ серіктестік қарым-қатынастарымыздың табысты көрсеткіші, ол бүгінгі күні Алматы қаласында екінші фармацевтикалық зауыт салу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою болып табылады, - деді Ажар Ғиният.
Ол осы жылы фармацевтикалық өнімді шығару бойынша «Нобел АФФ» АҚ бірлескен қазақстандық зауытының құрылғанына тура 20 жыл толатынын еске салды.
Nobel Ilac компаниясы қолданыстағы өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге, сондай-ақ Алматы қаласында саше және жоғары технологиялық биосимилярлар нысанындағы препараттар өндірісі жолға қойылатын екінші фармацевтикалық зауыт салуға қосымша 55 млн доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта жобаның ЖСҚ және ТЭН әзірлеу жүзеге асырылуда, оларды 2022 жылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аяқтау және 2025 жылғы желтоқсанда толық аяқтай отырып, жобаны кезең-кезеңімен іске асыруға кірісу жоспарлануда.
Сапар барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Алматы қаласында фармацевтикалық препараттарды өндіру бойынша осы аттас компанияның басшысы Зейнеп Атабаймен екіжақты келісімге қол қойды.
Министрдің айтуынша, аталған кәсіпорын бірегей дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамытуға, отандық фармацевтикалық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ғылыми және кадрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қол қойылған келісім аясында ATABAY KIMYA SANAYI TICARET компаниясы зауыт құрылысына 10 млн АҚШ доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру мерзімі 2023 жылдың соңына дейін, жаңа жұмыс орындарының саны 200-ге жетеді.
Құжатқа қол қою барысында тараптар фармацевтикалық өнеркәсіпте де, денсаулық сақтаудың барлық басқа бағыттарында да Қазақстан-Түркия ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын атап өтті.