Елімізде теңге ілуден ІІ Азия Кубогы өтеді

29 Наурыз 2024, 17:13
344
Бөлісу:
Елімізде теңге ілуден ІІ Азия Кубогы өтеді
Фото: Теңге ілу федерациясы

Сәуір айында Шымкент қаласында Ұлттық спорт қауымдастығы Теңге ілу федерациясының ұйымдастыруымен ІІ Азия Кубогы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осы жылдың 6-7 сәуір күндері Шымкент қаласындағы Орталық ипподромда теңге ілуден өтетін бәсекеге 6 мемлекеттен спортшылар келеді. Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Тәжікстан елдерінен келетін 50-ге жуық спортшы теңге ілудің үш стилі бойынша бақ сынайды.

Бұл V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында ұлттық құраманы шыңдауға ұйымдастырылған жарыс. Сондай-ақ, шетелдік құрамалар үшін де Қазақстанның үздік теңге ілу спортшыларынан тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік. Халықаралық жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – ұлттық спортымыз теңге ілуді өзге мемлекеттерге насихаттау және әлемдік дәрежеге көтеру, - дейді федерация басшысы Амангелді Әбдіқадыров.

Теңге ілуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ғалымжан Ізжанов бұл халықаралық жарысқа дайын екенін жеткізді.

Азия Кубогы шетелдік құрамалардың қатысуымен өте тартысты, қызық болады деп сенеміз. Әрине, ұлттық спортымыз болғандықтан, біздің жігіттер намысты қолдан бермейді, - дейді спортшы.

Жарыс әділ өтуі үшін осы жолы теңге ілу спортының тарихында алғаш рет бейне қайталау жүйесі қолданылады. Сонымен қатар, уақытты өлшеу үшін арнайы лазер секундомер пайдаланылады.

Еске сала кетейік, Республикалық «Теңге ілу» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар.

Өзгелердің жаңалығы