Елімізде табиғатқа зиян келтіргендерге қылмыстық жаза күшейтіледі

2 Қараша 2021, 13:00
1579
Бөлісу:
Елімізде табиғатқа зиян келтіргендерге қылмыстық жаза күшейтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Мемлекеттік Ұлттық табиғи парктерде экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту» тақырыбында брифинг өтуде.

Брифингте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануралар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев журналистерді ҚР Қылмыстық,Қылмыстық процестік және әкімшілік кодексіндегі ұлттық табиғи парктердегі құқық бұзушылықтарға қатысты енгізілген өзгерістермен таныстырды.

Президенттің 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында Қазақстанның табиғи байлықтарын қорғау соның ішінде ұлттық табиғи парктерді қорғау мәселесін заңмен реттеу тапсырылған болатын. Берілген тапсырманы орындау мақсатында министрлік осы заң жобасын әзірледі,- деді өз сөзінде Тұрғамбаев.

Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес енді заңсыз ағаш кесу, ағаштарды жою, зиян келтіру, ерекше қорғалатын аймақтарды ластау, орман алқабын бүлдіру мәселелеріне қатысты қылмыстық жазаны күшейту көзделіп отыр.

Бұдан бөлек орман шаруашылығы туралы заңды ,ерекше қорғалатын аймақтарға қатысты заңды бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларға, жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жазаны күшейту мәселесі қарастырылып жатыр,- деп атап өтті Тұрғамбаев.

Мемлекеттік табиғи ұлттық парктердегі ең үлкен мәселе қоқыс қалдықтарымен күрес. Бүгінгі күнге дейін 1863 рейдтік шара өткізілді. Рейдтің қорытындысы бойынша 118 құқық бұзушылық анықталды. Осы кезге дейін ұлттық парктер аумағынан жалпы салмағы 977,85 тонна қоқыс шығарылды. 

Ұлттық парктердің қызметкерлері тазалық сақтау шараларына бағытталған түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Осы мәселеге қатысты әкімшілік кодексте көзделген жаза түрінің қатаңдатылуы бұл мәселені шешуге көмектеседі деп күтіліп отыр.



Өзгелердің жаңалығы