Елімізде сүт өнімдерінің бағасы өсті

23 Қараша 2022, 19:24
1673
Бөлісу:
Елімізде сүт өнімдерінің бағасы өсті

Биылғы қазан айының қорытындысы бойынша елімізде сүт өнімдерінің бағасы бір жылда 28,2 пайызға өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Сүт 28,3 пайызға, сүт консервілері 39,2 пайызға, ашытылған сүт өнімдері 29,2 пайызға қымбаттаған. Өңірлік тұрғыда сүт өнімдері бағасының өсуі Маңғыстау, Қарағанды, Шымкент облыстарында байқалды. 

Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында сүт өнімдерін өндіру 396 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда құндық мәнде 15,8 пайызға артық.

Сондай-ақ өңделген сұйық сүт пен кілегей өндірісі 6,2 пайызға, 472,5 мың тоннаға, сары май мен сыдырма – 9 пайызға, 20,9 мың тоннаға, сүт сыдырмалары – 26,6 пайызға, 4,7 мың тоннаға, ірімшік 2,5 пайызға, 30,5 мың тоннаға дейін, қоюландырылған сүт пен кілегей – 5,5 пайызға, 7 мың тоннаға дейін, йогурт – 3 пайызға, 191,7 мың тоннаға дейін, шұбат – 37,5 пайызға, 2,4 мың тоннаға дейін өсті.

Осы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша жергілікті кәсіпорындар өңделген сұйық сүт пен кілегейге сұранысты (ішкі нарықтағы сату плюс экспорт) 96 пайызға қамтамасыз етті. Осы кезеңде елімізде 373,4 мың тонна өнім өндірілсе, импорт – 15,6 мың тонна. Оның 10,1 мың тоннасы экспортқа шығарылса, қалған 378,8 мың тоннасы ішкі нарыққа сатылды.

Өзгелердің жаңалығы