Елімізде стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгеге жетті

11 Мамыр 2022, 11:23
1799
Бөлісу:
Елімізде стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгеге жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгеге жетті. 

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған кезде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы стрестік активтерді экономикалық айналымға қайтару жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық негізде дамыту және оларды экономикалық айналымға тарту үшін жағдай жасау.

2016 жылдан бастап банк секторын қалыпқа келтіру бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 6,7 трлн теңге сомасындағы стрестік активтер есептен шығарылды. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені немесе банк жүйесі активтерінің 6%-ын құрайды, - деді агенттік төрағасы. 

Әбілқасымова баяндағандай, стрестік активтерге төлеу мерзімі 90 күннен асқан (870 млрд теңге) кредиттермен қатар қайта құрылымдалған кредиттер (936 млрд теңге), өндіріп алынған мүлік (156 млрд теңге) және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері (356 млрд теңге) жатады.

2019 жылы жүргізілген активтердің сапасын тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша стрестік активтердің үлесі банктердің несие портфелінің 21%-ы болып бағаланды. Анықталған шығындарды өтеу үшін банктер 554 млрд теңгеге қосымша провизиялар қалыптастырды, 128 млрд теңгеге капиталды қосымша ұлғайтты, - деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәжілістің жалпы отырысында.

Өзгелердің жаңалығы