Ақпанның 7-14 аралығында Қытайдың Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындары өтеді. Ұлттық құрамадан кімдер жарыс алаңына шығады, еліміздің қысқы спорттағы жай-күйі қандай деген сараптама жасаған едік, де хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдымен IX қысқы Азия ойындарына тоқталайық. Харбин - Қытайдың солтүстік-шығысында орналасқан қала, ол өзінің суық климатымен және қысқы спорттарға қолайлы жағдайларымен танымал. Бұл Азия ойындарына құрлықтағы 34 Ұлттық Олимпиада комитетіндегі 1275 спортшы жиналады. Азия Олимпиада кеңесінің мәліметінше,Азия ойындары қысқы ойындар арасындағы рекордық көрсеткішке ие болып отыр. Сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Камбоджа алғаш рет жарысқа қатысады. Аталған 1275 спортшының 755-і ер, 520-сы әйел. IX Қысқы Азия ойындары кезінде Харбинде 20 000-нан астам волонтер әртүрлі орындарда, яғни жарыс өткізілетін жерде, туристік аймақтарда, әуежайлар мен вокзалдарда жұмыс істейді. Сондай-ақ, қатысушыларды тіркеу және спорт нысандарын аралау үшін қызмет көрсету жұмыстары басталған. Жарысқа қатысушыларды тіркеу орталығы күніне 5000 қауіпсіздік картасы мен жеке куәлік жасап шығаруға мүмкіндік беру үшін 50 еріктіні оқыту жұмыстарын аяқтады.
Жалпы ойындардың бағдарламасында 11 спорттық дисциплина (конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, биатлон, керлинг, шаңғы жарыстары, тау шаңғысы, фристайл, сноуборд, ски-альпинизм, шайбалы хоккей) қамтылған.
Қысқы Азия ойындары Қазақстан құрамасы
Қысқы Азия ойындарына Қазақстан құрамасы бірнеше рет қатысып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қысқы Азия ойындары алғаш рет 1986 жылы Жапонияда өтті. Қазақстан құрамасы әртүрлі қысқы спорт түрлері бойынша үлкен нәтижелерге қол жеткізіп, Азия ойындарында тұрақты түрде жоғары орындарға ие болып келеді. Ұлттық құрама 1999 жылы Кореяда 10 алтын, 8 күміс, 7 қолаға қол жеткізсе, 2003 жылы Жапонияда 7 алтын, 7 күміс, 6 қола жүлдені еншіледі. Қытайда өткен алтыншы қысқы Азия ойындарында да қоржынымыз бос қайтпады. Онда спортшыларымыз 6 алтын, 6 күміс, 6 қоланы жеңіп алған болатын. 2017 жылы Саппорода Қазақстан 32 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте 4-орынды иеленді.
Харбинде өтетін IX қысқы Азия ойындары
Қазақстан құрамасы 6 спорт түрінен, 10 дисциплина бойынша жарыстарға қатысады. Командада138 спортшы бар. Олар 51 медаль жиынтығы үшін күреседі. Құрама тәжірибелі Азия, Универсиада ойындарына қатысқан спортшылармен толыққан.
Бұл додадаға қатысатын спортшыларымыздың дайындығы мен мүмкіндігін спорт журналисі Қанат Байұзақовтан сұрадық.
Спортшыларымыздың жақсы өнер көрсетуіне барлық мүмкіндіктер жасалған. Ел ішіндегі оқу-жаттығу жиындарынан бөлек, шетелдегі әлем кубогының кезеңдері т.б халықаралық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинауда. Қазірдің өзінде жастарымыздың арасынан бірқатар спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетіп, жүлде тұғырынан көрініп жатыр. Сондықтан да алдағы қысқы Азия ойындарында ТОП-5 елдің қатарына болуға барымызды саламыз. Осы орайда Қытайдағы қысқы Азия ойындарына рекордтық 34 елдің қатысатындығын естеріңізге салғым келеді. Дайындықтарына келер болсақ, мысалы, шорт-тректен әйгілі Нидерланд маманы Вилма Бумстра кеңесші ретінде шақыртылған. Егер бұған дейінгі қысқы Азия ойындарының тарихына көз салсақ, тек командалық сайыстарда ғана қола жүлде алғанбыз. Жақында ғана Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов шорт-тректен алтын медаль күтетінін айтты. Міне нақты нәтиже көрсететін сәт келді. Бұған Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев сынды спортшыларымыздың әлеуеті жетеді. Конькимен жүгіру спортынан да Ресей және Польшалық мамандар бар, - деді ол.
Қанат Байұзақов алтын жүлде күтетін спорт түрлеріне де тоқталды.
Бірінші кезекте биатлон мен шаңғы спортынан алтын күтеміз. Салыстырмалы түрде 2017 жылы биатлоннан 6 алтын медаль жеңіп алғанбыз. Алайда осы жолы 4 қана жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Құрамамыздағы спортшыларымыздың да әлеуеті чемпион болуға жетеді. Шаңғышылардан үміт күтеміз. Бұл спорт түрінде әр қысқы Азия ойындарында алтынсыз қайтпасақ та, осы жолы жүлде жиынтығы 10-нан 6-ға дейін қысқарған. Бұл спорттағы басты қарсыласымыз - Жапония болмақ. Шайбалы хоккейден ерлер құрамасы да алтын алуға мүмкіндігі бар. Себебі, құрамның ойыншылары елордалық «Барыс» клубынан жасақталған. Қарсыластарынан қарағанда жерлестеріміздің әлемдік рейтингтегі орны жоғары әрі элиталық дивизионда өнер көрсетеді. Басқа спорт түрлерінен де үміт үзбейміз, - деді спорт журналисі Қанат Байұзақов.
Ал біз жүлде күтетін спортшыларды саралап көрдік. Тәжірибесі мен мүмкіндіктеріне қарадық.
Шорт-тректен жүлде күтетін ойыншылардың бірі Абзал Әжіғалиев. Ол Азия ойындарының қола жүлдегері және Олимпиада қатысушысы. 2023 жылғы қысқы Универсиаданың жүлдегері Александр Мухин және 2019 жылғы Универсиаданың екі дүркін жүлдегері Әсет Дүйсенов биатлоннан қоржынымызға жүлде салатын спортшылардың қатарында. Шаңғы жарысынан да үміт үзбейміз. 2023 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері Надежда Степашкина көк туды желбірететеді деген сенімдеміз. Конькимен жүгіруден 2023 жылғы 4 континент жеңімпазы Надежда Морозова мен 2023 жылғы жастар арасындағы Әлем кубогының күміс жүлдегері Алтай Жәрдембекұлы алтыннан алқа тағынады деп үміттенеміз. Сондай-ақ Фристайл-акробатикадан 2023 жылғы Еуропа кубогы кезеңінің жеңімпазы Шерзод пен 2023 жылғы Еуропа кубогының қола жүлдегері Аяна Жолдасқа артылар үміт ерекше.
Еліміздегі қысқы спорттың жай-күйі
Елімізде 13 қысқы олимпиадалық спорт түрі дамып жатыр. Олардың қатарында конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау,биатлон, керлинг, шаңғы жарыстары, тау шаңғысы, фристайл (могул және акробатика), сноуборд, шаңғы қоссайысы, шайбалы хоккей, ски-альпинизм, шаңғымен секіру бар. Барлығы 139 123 спортшы, 1 838 жаттықтырушы қызмет етеді. Солтүстік өңірлерде климаттық жағдайлардың қолайлы болуына байланысты спорттық резерв дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Елімізде 521 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 15 511 спортшы дайындықтан өтуде, оларға 747 жаттықтырушы жетекшілік етеді. Республика бойынша 1 республикалық, 6 облыстық және арнайы олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледждері жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 500-ден астам бала оқиды. Сонымен қатар, 11 олимпиадалық резерв даярлау орталығында 400-ге жуық спортшы жаттығуда. 12 жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде 1 000-нан астам спортшы дайындалады. Ұлттық құрамалар қатарына 1 265 спортшы кіреді.
Елімізде қысқы спорт түрлеріне арналған 1 242 спорт нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 1 108 хоккей алаңы, 102 шаңғы базасы, 22 мұз аренасы, 7 коньки тебу стадионы, 3 шаңғымен секіруге арналған трамплинмен қамтылған.
Қысқы спорт елімізде жақсы дамып жатыр деп ойлаймын. Қазір қазақ балалары көбейді. Шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, фристайлдағы қазақ балаларының жетістіктері қуантып жатыр, - дейді спорт журналисі Лилиана Әлжанова.