Елімізде қой фермасын құруға жеңіл шартпен кредит алуға болады

9 Тамыз 2024, 02:30
578
Бөлісу:
Елімізде қой фермасын құруға жеңіл шартпен кредит алуға болады
Фото: baq.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда қой шаруашылығын дамытуды қолдау мақсатында қой фермасын құрушыларға бюджеттік кредит беруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы құжат жобасынан белгілі болды.

Бұл ретте агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру бағдарламасы бойынша басым бағыттар қатарына қой шаруашылығы да кірмек. Яғни, 5 мың бастан кем емес қой фермалары мемлекеттік жеңілдетілген несие ала алады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, бұл шара мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Жетісі облысына жасаған сапары аясында берген тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынып отыр.

Еске салайық, ауыл шаруашылығы мақсатындағы кредиттер келесі бағыттарға беріледі:

тауарлық сүт фермалары (қуаты 400 бастан бастап);

етті бағыттағы құс фабрикалары (жылына 5000 тонна құс етінен бастап);

етті бағыттағы мал шаруашылығы кәсіпорындары (5000 бастан бастап);

көкөніс сақтау қоймалары (1000 тоннадан бастап);

жеміс сақтау қоймалары (1000 тоннадан бастап);

өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығы;

ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жүн мен теріні терең өңдеу кәсіпорындары;

қуаттылығы жылына 25 тоннадан бастап тауарлық балық болатын балық және басқа да су жануарларын өсіретін балық өсіру шаруашылықтары;

өндірістік қуаттылығы тәулігіне 1 тоннадан басталатын балықты аршып, тазалайтын, одан әрі тереңдете өңдейтін және сақтайтын балық өңдеу кәсіпорындары.

Өзгелердің жаңалығы