Елімізде қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары нақтыланады

7 Желтоқсан 2022, 10:27
1499
Бөлісу:
Елімізде қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары нақтыланады

Мәжілістің жалпы отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр заң жобасындағы негізгі тәсілдірді түсіндіріп өтті.

Заң жобасында «қоғамдық бақылау» ұғымы айқындалды. Қоғамдық бақылау объектісі – олар жергілікті және орталық органдар, квазимемлекеттік субъектілері, орталық және/немесе жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар. Ал қоғамдық бақылау субъектілері дегеніміз – ел азаматтары, Қазақстанда тіркелген коммерциялық емес ұйымдар, - деді министр.

Қыдырәлі қоғамдық бақылаудың мақсаты азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Қоғамдық бақылаудың басты қағидаты – заңдылық, жариялылық, ашықтық пен айқындық, қоғамдық бақылау субъектілерінің өз еркімен қатысуы мен тәуелсіздігі.

Қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Мысалы, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, сондай-ақ ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға және т.б. құқылы болады. Объектілер қоғамдық бақылау нысандарының ұсынымдарын қарауға және оларды интернет-ресурстарда орналастыруға, мүдделер қақтығысын болдырмауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, субъектілерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және т.б. міндетті болады, - деп толықтырды Ақпарат министрі Мәжілісте.

Сонымен қатар қоғамдық бақылаудың негізгі формалары ретінде қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау ұсынылады.

Өзгелердің жаңалығы