Елімізде пилоттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі

24 Шілде 2024, 20:27
468
Бөлісу:
Елімізде пилоттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Ұлттық статистика бюросында 2024 жылға жоспарланған пилоттық ауыл шаруашылығы санағына арналған онлайн-сессия өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері, сондай-ақ салалық қауымдастықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында ауыл шаруашылығы санағының мақсаттары мен міндеттері, оның ішінде оны өткізу мерзімі, объектілері мен субъектілері, сондай-ақ деректерді жинау және өңдеу әдістері талқыланды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1248 қаулысына және БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (БҰҰ ФАО) ұсынымына сәйкес, 2025 жылы ауыл шаруашылығы секторының құрылымы мен жай-күйі туралы өзекті деректерді жинауда маңызды рөл атқаратын ауыл шаруашылығы санағын өткізу жоспарланған.

Пилоттық ауыл шаруашылығы санағының мақсаты санақ парақтарын, әдіснамаларды, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сынақтан өткізу, далалық жұмыстардың ұйымдастырылуын, сондай-ақ интернет пен әкімшілік деректердің сапасын бағалау.

2024 жылғы 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері пилоттық ауыл шаруашылығы санағын 54 елдімекенде – ауылдық және қалалық жерлерде жүргізетін болады.

Ауыл шаруашылығы санағына шаруа немесе фермер қожалықтары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын үй шаруашылықтарын қоса алғанда, заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелері, дара кәсіпкерлеро қатыса алады. Санақ жер және егіс алқаптары, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының саны, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы инфрақұрылымына қатысты басқа да аспектілер туралы деректерді өзектендіруге мүмкіндік береді.

Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы – 2025 жылғы негізгі ауыл шаруашылығы санағына дайындықтың маңызды кезеңі, ол таңдалған әдістеменің дұрыстығын және ақпараттық жүйелердің дайындығын тексеруге мүмкіндік береді, – деп атап өтті ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова.

Сессияда сондай-ақ ауыл шаруашылығы статистикасы бойынша дашборд пен ауыл шаруашылығы бойынша ресми статистикалық ақпаратты қайта қарау бойынша ақпарат ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы