Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалаларымызда карантин енгізу барысында туындаған дүрлікпе сауда инфрақұрылымын құру проблемасымен жүйелі және тиімді айналысу керектiгiн айқындады.
Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.
Төтенше жағдай режимі елімізде агроөнеркәсіп тауарларын сақтау инфрақұрылымының әлі де төмен деңгейде (бұл азық-түліктің ішінара импортқа тәуелділігіне алып келеді), сондай-ақ нақты тексерілген тауар ағындары жөнге келтірілмегенін көрсетті. Осының бәрі нарықтық тетіктерге әкімшілік араласуды қолданбай (мысалы, шекті бағаларды белгілеу немесе экспортқа тыйым салу) бағаны тиімді тұрақтандыруға мүмкіндік бермейді, – дейді Бақыт Сұлтанов.
Заманауи көтерме-тарату орталықтары (КТО) өзегі болуы тиіс тиімді тауар өткізу жүйесін құруды одан әрі созуға болмайтынын айтты министр.
Біз наурыз айында болған жағдайдан қорытынды жасап, мемлекетке тиесілі КТО-дан ұлттық желі құруымыз қажет (бұл туралы көптеген жылдар бойы әңгіме мен даулар жүруде: мемлекет немесе жеке бизнес, қандай қаражат есебінен және кім басқаруға тиіс). Жетекші еуропалық нарықтық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, біз қазір нарықтарда көріп отырған, нәтижесі әсіресе белгілі бір кезеңдерде (наурыз айында болғандай) бұрмаланған баға белгілеу, тауарлардың әділетсіз үстеме бағалары және нақты бір кезеңде бағаның негізсіз өсуі болып табылатын олигополияны жоя аламыз, – деді Сұлтанов.
Сондай-ақ министр аталған жүйенің қандай пайдасы бар екенін де айтты.
Біріншіден, еліміз маусымдық көкөністер мен жемістерді жыл бойы сақтауға арналған заманауи қойма орын-жайларымен қамтамасыз етіледі. Қазіргі қолданыстағы көкөніс сақтау қоймаларының қуаттылығы ең көп дегенде жалпы көкөністер мен картоп өндірісінің үштен бір бөлігіне ғана жетеді. Елімізде қоймалардың жетіспеушілігі шамамен 70%-ды құрайды, ал кейбір өңірлерде бұл цифр 90%-ға жетеді. Нәтижесінде, біз өзіміздің картопты қолданудың орнына экспорт әкелуге мәжбүрміз, – деп жазды министр Бақыт Сұлтанов.
Елімізде әрекет ететін нарықтардың бірде-біреуінде тауарларды қолма-қол жүктеуге мүмкіндік беретін қазіргі заманға сай температуралық қоймалар, кросс-доктар жоқ. Нарықтың ешқайсында тауар ағынын қадағалау бойынша ақпараттық жүйе орнатылмаған, – дейді Бақыт Сұлтанов.