Елімізде өнеркәсіпті толықтай қамтитын заң әзірленді

1 Қаңтар 2022, 15:32
1549
Бөлісу:
Елімізде өнеркәсіпті толықтай қамтитын заң әзірленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Өнеркәсіптік саясат туралы» негізгі заңның және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобалары әзірленді.

Жаңа заң туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Лаура Садықовамен сұхбат құрған едік.

- Сәлеметсіз бе! Лаура Үмітбекқызы, алдымен кәсіпкерлік туралы жаңа заңда енгізілген толықтырулардың артықшылығы неде екенін түсіндіріп өтсеңіз?

- Өздеріңізге белгілі қолданыстағы заңнама кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуді кеңінен қамтуға негізделген. Өнеркәсіпке арналған жете заңнама болған жоқ, сол себепті өнеркәсіптің дамуын толық қамтитын Заң әзірленді.

Заңның негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту және дамудың шикізаттық моделінен ауысып, өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

Заңның негізі Кәсіпкерлік кодекстің 24-тарауынан алынды. Өндірістің барлық циклдік кезеңдерін (шикізатпен қамтамасыз етуді, өндіріс процесін дамытуды және қайта өңделген өнімді нарықтарда жылжытуды) қамтитын жаңалықтар көзделген.

Мысалы, шикізатпен қамтамасыз етуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, қайта өңдеушілерді отандық шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жаңа механизм көзделді.

Шикізат өндіруші, қайта өңдеуші және салалық мемлекеттік орган арасында отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі үшжақты келісімдерге қол қойылатын болады.

Келісім шикізатты жеткізу көлемін, толық қайта өңдеу бойынша міндеттемелерді және ең бастысы, ерекше бәсекелі баға белгілеуді көздейді.

- Аталған заңның басты ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз? Қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін?

- Өндіріс процесіне қатысты келесідей жаңалықтарды атап өтуге болады.

Біріншіден, ынталандырудың жаңа құралы – өнеркәсіптік грант енгізілді. Құрал бірге қаржыландыру негізінде өндірісті технологиялық жаңғыртуға берілетін болады.

Екіншіден, мемлекеттік ынталандырудың барлық шаралары орта және жоғары бөліністегі өнім өндірушілерге беріледі. Әдістеме негізінде өнімнің тиісті тізбесі бекітілетін болады. Осылайша, қайта өңдеуді тереңдетуге назар аударылады.

Үшіншіден, көрсетілетін шаралардың тиімділігін арттыру үшін қарсы міндеттемелер енгізіледі, олар бизнестің алып отырған шараларының түрі мен көлемін ескере отырып айқындалады.

Төртіншіден, бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім енгізіледі, ол ынталандыру шараларының аралас пакетін алуға мүмкіндік береді.

Бесіншіден,өнеркәсіпті дамыту қорының 3% жеңілдетілген қаржы беру функциясы көзделген. Ал нарықта инвестициялық жобаларды кредиттеу 6% және одан жоғары мөлшерлеме бойынша жүзеге асырылатын болады.

Алтыншыдан, цифрлық трансформациялау. Біз Германияның Фраунхофер институтымен бірлесіп, жүйеқұраушы кәсіпорындарға талдау жасадық. Олардың әрқайсысы цифрлық трансформацияның қай кезеңінде екенін бағаладық. Кәсіпорындарға цифрлық трансформация жүргізу үшін олардың қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және шетелдік мамандарды тарту, басқарудың жаңа әдістерін енгізу тетіктері көзделген.

Жетіншіден, жылдан жылға ұсынылатын мемлекеттік ынталандыру шараларының тізбесі кеңеюде, бұл өз кезегінде бизнес үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуді талап етеді. Сондықтан барлық ынталандыру шаралары «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте, біздің Министрлік ынталандыру шаралары бойынша үйлестіруші мемлекеттік орган болады.

- «Елішілік құндылық» термині туралы айтсаңыз?

 - Нарықтарда өнімді өткізуге ықпал етуге қатысты келесідей жаңалықтарды атап өтуге болады.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі өтпелі кезеңнің аяқталуына байланысты жергілікті қамту жөніндегі талаптар жойылады. «Елішілік құндылық» терминінің болуы жергілікті қамтуды дамытуға мониторинг жүргізуге және ынталандырудың жаңа шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өнімді ілгерілету бойынша ынталандырудың жаңа құралы – экспорттық кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау көзделген, ол отандық жоғары технологиялық өнімнің сатып алу қабілетін ынталандырады. Жалпы, осы Заң шеңберінде аталған өзгерістер елдегі өнеркәсіп деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

- Офтейк-келісімшарттарға кеңінен тоқталып кетсеңіз? Маңызы қандай?

- Офтейк-келісімшарттар өңдеуші өнеркәсіп тауарларын ұзақ мерзімді кепілдендірілген сатып алуды көздейді.

Ерекшеліктері: екінші деңгейіндегі банктердің және Қазақстан даму банкінің кредит беруі үшін кепіл нысанасы болып табылады; бағаны төмендету немесе сатып алу көлемін азайту бөлігінде біржақты тәртіппен өзгерістер енгізуге жол берілмейді; тауарларды сатып алудан бас тартқан жағдайларда тұрақсыздық айыбы көзделеді. Осылайша, үш және одан да көп жылға ұзақ мерзімді шарттар жасасу кәсіпорындарға өндірістік қызметті ұзақ мерзімге жоспарлауға, өндіріске инвестициялауға және тағы басқа мүмкіндіктер береді. Бұл жерде тапсырыс берушілер – мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор субъектілері және жер қойнауын пайдаланушылар болып табылады.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Өзгелердің жаңалығы