Қазан айының екінші жексенбісі елімізде Мүгедектігі бар адамдардың күні болып белгіленген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Республикамызда ерекше қажеттіліктері бар 732 мыңнан астам адам тұрады. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау мен олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Қазақстанда тұратын мүгедектігі бар 732,1 мың адамның 418,6 мыңы еңбекке қабілетті жастағы (57,2%), 201,1 мыңы зейнеткерлік жастағы (27,5%) азаматтар болса, 112,3 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (15,3%) болып табылады.
Мемлекет ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға әлеуметтік ықпалдасуы үшін жүйелі шаралар қабылдауда. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау; әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдардың медициналық көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-тифлотехникалық құралдар, кресло-арбалар, санаторийлік-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Қазақстанның барлық өңірінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде, – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелерін шешу мақсатында Еңбекмині жанында Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында үйлестіру кеңесі жұмыс істейді, оның басты міндеті – мемлекет пен қоғам арасында диалог алаңын құру, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу.
Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап МАБ әлеуметтік қолдау шаралары едәуір күшейтілді. Биыл біздің еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны жүзеге асыру мақсатында қабылданған шаралар туралы алғашқы баяндаманы қорғады.
БҰҰ-ның мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанның қабылдап жатқан шараларын жоғары бағалап, бірқатар маңызды ұсынымдар берді. Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша БҰҰ ұсынымдарын, халықаралық тәжірибе мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын ескере отырып, Еңбекмині 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Бұл құжаттың басты мақсаты – Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру. Тұжырымдаманы қабылдау әрбір азамат дамудың жеке ерекшеліктеріне қарамастан лайықты өмір сүруге және өзінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндігі бар қоғам құруға мүмкіндік береді.
Мемлекет мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қамсыздандыруды жетілдіру жөнінде тұрақты негізде шаралар қабылдауда.
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (бұдан әрі – МӘЖ) алушылардың саны 542,2 мың адамды құрайды. 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша МӘЖ төлеуге 357 млрд теңге бағытталды. МӘЖ мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
2024 жылғы 1 қазанда мүгедектігі бойынша МӘЖ-дің орташа мөлшері 73 344 теңгені құрады.
Бұдан басқа міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін жәрдемақыларға қосымша МӘСҚ-тен еңбекке қабілеттіліктен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Төлемдердің мөлшері жеке және келесі факторларға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттері, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу және табысты ауыстыру өтілі. 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 28,2 млрд теңгеге 96,2 мыңнан астам адам еңбекке қабілеттіліктен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем алды. 1 қазандағы жағдай бойынша әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 45 943 теңгені құрады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарының (бұдан әрі – ОТҚ) өндірушісі мен жеткізушісін және оңалту қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) іске қосылды.
2024 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы шамамен 675,4 мың мүгедектігі бар адам ОТҚ, 8,5 мың – ымдау тілі қызметін, 26,2 мың – жеке көмекшінің, 67,3 мың – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды.
Бүгінгі күні Порталда 895 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 792 ОТҚ жеткізуші, 30 мыңнан астам жеке көмекші, 756 ымдау тілі және 125 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жанындағы Әлеуметтік қызметтер порталы жөніндегі комиссияға өнім берушіні порталдан шығару және оларға сапасыз қызмет немесе тауар ұсынылған жағдайда жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау құқығы берілді.
Бұдан басқа жеткізушілерге қойылатын талаптарды қатаңдату мақсатында Министрлік Портал қызметін жетілдіру бойынша келесі жұмыстарды жүргізді: өнім берушілер үшін тауарды курьерлік жеткізуге 3 жұмыс күні ішінде беруді жүзеге асыруға міндетті талапты енгізу; алушының тапсырысы бойынша жауап болмаған (немесе теріс жауап алған) жағдайда 5 жұмыс күні ішінде өнім берушінің Порталдағы рейтингін төмендету; егер ол кепілдік берілген сома шегінде болса, тауар бағасын көрсетуді болдырмау (асып кеткен жағдайда тек сома көрсетіледі); SMS-кодты жіберу арқылы көрсетілетін қызметті алушының санаторий-курорттық ұйымға келуін тіркеу жүйесін енгізу; техникалық оңалту құралдарының мәтіндік сипаттамаларын жасыру; техникалық оңалту құралдарының тізімін баға бойынша көрсету (бағаның өсуі бойынша).
Мүгедектікті белгілеу рәсімінің ашықтығын жеңілдету және қамтамасыз ету, сондай-ақ қағазбастылықты, көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмау үшін және елде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай проактивті форматын енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Ол үшін пациент тек қана тіркелген жері бойынша емханаға жүгініп, қажетті тексеруден өтуі қажет, қалған процестер пациенттің қатысуынсыз интеграцияланған ақпараттық жүйелердің есебінен жүреді.
Сырттай форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанның барлық өңірінен 68,8 мыңнан астам өтінім сырттай проактивті форматта қаралды, ол барлық көрсетілген мемлекеттік қызметтің 37,2 пайызын құрайды.
Туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсетіледі. Қажеттілікке байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтер 8 бағыт бойынша ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық.
Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді 740-қа жуық мемлекеттік ұйым ұсынады, оның ішінде: 120 стационарлық үлгідегі мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелер, 108 мемлекеттік күндізгі болу орталықтары, 35 мемлекеттік оңалту орталықтары, 534 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері.
Стационарлық ұйымдардың жұмыс істеп тұрған желісіне балама күндізгі және үйде болу жағдайында әлеуметтік қызметтер көрсету болып табылады, олар өз кезегінде отбасымен бірге болып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Нәтижесінде бұрын стационарлық мекемелерде болған 800-ден астам бала өз отбасыларына оралды.
Бүгінгі таңда АӘҚ көрсету бойынша әлеуметтік тапсырысты еліміздің барлық өңірлерінде 184 ҮЕҰ жүзеге асыруда (2009 жылы – 4 ҮЕҰ).
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту шеңберінде мынадай мәселелер бойынша жұмыс топтарының жұмысы басталды: АӘҚ және тариф белгілеу стандарттарын жетілдіру; арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін монополиясыздандыру және деинстуализациялау; әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыру. 2025 жылдан бастап қызметтер үшін жекелеген нормативтер және өтемдік техникалық құралдар үшін шекті бағалар түрінде жан басына шаққандағы норматив енгізу көзделеді.
Еліміздің 12 өңірінде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Абай, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары, Алматы, Астана, Шымкент қалалары) 150 орындық жаңа ірі оңалту орталықтарының құрылысы басталды. Абай облысының Семей қаласында, сондай-ақ Жамбыл облысының Тараз қаласында оңалту орталықтары пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін Түркістан облысының Кентау қаласында орталықтың құрылыс аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар «Қазақстан халқына» ҚҚ қолдауымен еліміздің 8 өңірінде (Ақтөбе, Жетісу, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары, Алматы және Шымкент қалалары) аутизм спектрі бұзылған және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Қазақстанның барлық өңірлерінде әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу бойынша белсенді жүргізілуде. 2023-2027 жылдар аралығында қол жетімділіктің интерактивті картасына енгізілген 35 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 17,2 мыңнан астам нысан толықтай бейімделген.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты жұмыс істейді, олардың құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіреді. 2024 жылдың басынан бастап Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 344 тексеру, оның 582-і профилактикалық бақылау шеңберінде, 572-і жоспардан тыс, 1 190-ы прокуратураның талабы бойынша жүргізді.