Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, тұрғылықты жері бойынша мекенжай анықтамасын беру – еліміздегі сұранысқа ие танымал мемлекеттік қызметтердің бірі. Жыл сайын тұрғындарға құжаттарды, жәрдемақыларды және басқа қызметтерді беру үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдар 10 миллионнан астам мекенжай анықтамасын сұратады.
Мектептерге, балабақшаларға, емханаларға, мемлекеттік органдар немесе жеке мекемелерге және басқа да жағдайда жұмысқа орналасу кезінде тұрғындар анықтама алу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына" (ХҚКО-ға) барып, үнемі кезек күтуге мәжбүр болды.
Тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мекенжай анықтамасын беруді алып тастау туралы шешім қабылданды.
"Енді қарашаның 1-нен бастап ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың дерек қорларын біріктіруге байланысты мекенжай анықтамасын беру тоқтатылады", - делінген таратылған ақпаратта.
Яғни, сізден ешкімнің мекенжай анықтамасын сұрауға құқығы болмайды.
Атап айтқанда, мекенжай анықтамасын беру толығымен алынып тасталды, өйткені бұл дерек барлық мемлекеттік органның деректер базасында бар.
Мұндай өзгеріс мемлекеттік қызметтерді алу уақытын қысқарту, қағазбастылықты азайтуға және бір анықтаманы алу үшін бірнеше сағат кезекте тұратын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына" (ХҚКО-ға) бару қажеттілігін азайту мақсатында қолға алынып отыр.
Сонымен бірге, азаматтардың өздері egov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті немесе "электрондық үкіметтің" eGovmobile мобильді қосымшасы арқылы мекенжайы бойынша тіркелген адамдар туралы ақпаратты тексере алады.
Қажетті мәліметтерді мекемелердің өздері ала алады. Яғни, ұйымдар, соның ішінде жеке мекемелер egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдаланаалады.
"Сервисті қарашаның 1-нен бастап іске қосу жоспарланып отыр. Аталған қызметті пайдалану кезінде сол азаматтан оның мекенжай анықтамасын алу үшін SMS арқылы рұқсат сұралады. Осыған байланысты сервистің қолжетімді болуы үшін әр азаматқа электрондық цифрлық қолтаңба алып, ұялы телефон номеріңізді мобильдік азаматтар базасына тіркету керек. Ол үшін бір рет халыққа қызмет көрсету орталығына жеке куәлікпен барып, көрсетілген әрекеттерді жасау қажет", - делінген хабарламада.