Елімізде медициналық техникалар өндірісінің үлесі артады – Үкімет

7 Сәуір 2023, 08:43
684
Бөлісу:
Елімізде медициналық техникалар өндірісінің үлесі артады – Үкімет
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен GE Healthcare компаниясының Ресей және ТМД-дағы бас директоры Елена Легезина аталған құрылымның Қазақстандағы жаңа инвестициялық жобаларын жүзеге асыру жөніндегі жоспарларын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкімет басшысы бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бірқатар ірі бағдарламалық құжаттар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 

«Дені сау ұлт» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында 32 аудандық аурухананы қайта жабдықтау және 655 жаңа медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланған. 

2025 жылға қарай отандық фармацевтикалық өндірістің, оның ішінде жоғары сұранысқа ие медициналық техникалар өндірісінің үлесін 50%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

GE Healthcare компаниясының әлемдегі жетекші медициналық жабдықтар өндірушілерінің бірі ретіндегі жоғары беделін ескере отырып, біз жаңа жобаларды жүзеге асыруды қолдаймыз және серіктестікті тереңдетуге мүдделіміз, — деді Премьер-министр.

Өз кезегінде Елена Легезина республикада компания қызметін дамыту үшін үлкен әлеует барын атап өтті. Бұл ретте Қазақстанда

УДЗ аппараттары мен компьютерлік томографтар өндірісін локациялау жобасы пысықталуда.

Біз Қазақстанға тек жоғары технологиялық жабдықтарды ғана емес, сонымен қатар онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу тәсілдері мен тұжырымдамаларын ұсына аламыз. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларынан екі академия ашуды жоспарлап отырмыз, мұнда қазақстандық мамандар құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп қана қоймай, емдеудің жаңа әдістерін де меңгере алады, — деді Елена Легезина.

Сонымен қатар GE Healthcare компаниясы республиканың денсаулық сақтау саласын цифрландыруға жәрдемдесуді және медициналық техника сервисін дамытуды жоспарлап отырғаны атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар орта мерзімді кезеңге арналған өзара іс-қимыл жоспарларын нақтылауға және бекітуге мүмкіндік беретін ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді пысықтауға келісті.

Өзгелердің жаңалығы