Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес 2023 жылғы егіс алқаптарының болжамды құрылымы қалыптастырылды. Мәселен, осы жылы жалпы егіс алаңы 23,4 млн гектарға жетті. 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын, 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр, - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Вице-министрдің түсіндіруінше, нарық конъюнктурасының өзгеруіне байланысты мақсары, соя және қыша сияқты кейбір майлы дақылдар егілетін алаңдар қысқаруы мүмкін.
Күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алқабын 30,8 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Көкөніс, бақша және картоп бойынша егіс алқабын 11,1 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Ылғалды көп қажет ететін дақылдарға келетін болсақ, ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда мақта алаңының 14,8 мың гектарға азаюы болжанып отыр, ол 111,4 мың гектар, - деді Тамабек.
Оның айтуынша, Үкімет суды қажет ететін дақылдарды азайтқанына қарамастан, күріш былтырғы жылмен салыстырғанда 7,6 мың гектарға ұлғайған.
Жалпы, астық, көкөніс-бақша, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Әбілхайыр Тамабек.