Елімізде көлік қымбаттауы мүмкін

26 Қазан 2022, 17:25
7679
Бөлісу:
Елімізде көлік қымбаттауы мүмкін

Бұл әлемдегі жартылай өткізгіштер экспортындағы шектеулермен байланысты. Теміртұлпар бағасы қаншалықты өседі? АҚШ-тан Қытайға микрочиптер экспортының шектеулеріне байланысты Қазақстанда көлік қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы сарапшы Артур Мискарян айтты, деп жазды «Хабар 24». Оның айтуынша, Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ірі әлемдік автоконцерндердің басым бөлігін жартылай өткізгіштермен қамтамасыз етеді. Бұл Еуропа, Азия және Солтүстік Америка нарықтары. АҚШ-тың қытайлық компанияларға енгізген қосымша шектеулері автонарыққа ауыр тиуі мүмкін дейді маман. Ол онсыз да тапшылық болып жатқан, көлік саласында тұрақсыздық тудыруы ықтимал.  

Көбіне жартылай өткізгіштер нарығындағы жағдай Қытай мен Тайвань арақатынасына қарап анықталады. Өйткені ірі микрочип өндірушілер мен зерттеу орталықтары Тайваньда шоғырланған. Қалай болғанда да, өндірісті тоқтата тұруға немесе өндіріс көлемінің төмендеуіне әкелетін кез келген шиеленіс бағаның өсуіне және әлемдік нарықта жеткізу мерзімін ұзартуға итермелейді. Мұнда АҚШ пен Қытайдың саяси басшылығының қарама-қайшылығы туралы сөз болып отырғандықтан, Қазақстан да, кез келген басқа мемлекет те өзгерістен тыс қалмайды. Бұл екі үлкен нарық. Өткен жылы АҚШ-та 15 млн, ал Қытайда 25 млн-нан астам автокөлік сатылды. Олардың бағасы 18-26%-ке өскен, - дейді автокөлік нарығын талдау және мониторинг жасау орталығының басшысы Артур Мискарян.

Сарапшылар әлемде көлік бағасы 25 % өседі деп болжам жасап отыр.  Егер шиеленіс жалғаса берсе, бұл өткізгіштердің өндірісіне әсер етеді. Нәтижесінде машиналардың тапшылығы артады, ал Қазақстан, басқа елдер сияқты автомобильдердің қымбаттауына дайын болу керек.

 Артур Мискарян соңғы екі жылда әлемдік өндірістің тапшылығы шамамен 10% құрайтынын атап өтті. Осындай көрсеткіштермен әлемдегі теміртұлпарлар шамамен 15-25%-ке қымбаттайды.
 

Өзгелердің жаңалығы