Елімізде кемінде 1000 мектеп салынуы тиіс – Аймағамбетов

24 Желтоқсан 2021, 16:01
1814
Бөлісу:
Елімізде кемінде 1000 мектеп салынуы тиіс – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «ҚазАқпаратқа» берген сұхбаты барысында айтты. 

Биыл ерекше талқылауда болған «Білімді ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде мектептер құрылысына мән беріліп отырғаны белгілі. Еліміздің бас ұстазы аталған мәселе таяу жылдары қалай шешілетініне тоқталды.

Шын мәнінде жуырда «Білімді ұлт» ұлттық жобасы қабылданды. Жобада ең түйткілді проблемалар қамтылып отыр. Соның ішінде, әрине, ең маңызды мәселелердің бірі – мектеп салу. Үш ауысымдық проблемасын шешу апатты жағдайдағы мектептерді болдырмау да жобада қарастырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы мәселе туралы тапсырма берді. Яғни, 2025 жылға дейін Қазақстанда кем дегенде 1 мың мектеп салынуы керек, - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар министр тапсырманың маңыздылығына тоқталды.

Өйткені, 2025 жылға дейін осы 1 мың мектеп салынбаса, аталған уақытқа дейін 1 млн-ға жуық оқушылардың орын тапшылығы байқалатын болады. Сондықтан осы проблеманы болдырмас үшін осы мектептерді міндетті түрде салып, іске қосуымыз керек. Ал неге мұндай проблема туындап жатыр дегенге келсек. Оған демография мен урбандалу процестері әсер етеді, - деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің сөзінше,  үшінші фактор ретінде үлкен қалалар мен облыс орталықтарындағы бірқатар мәселелер әсер етеді.

Үлкен қалалар, облыс орталықтарында жаңа үлкен кешендерді тұрғызғанда тиісті әлеуметтік инфрақұрылымды жеткілікті деңгейде салмайды. Көп адамдар сонда көшіп келіп, шоғырланғаннан кейін бұл сол жердегі бар мектептерге үлкен жүк болып, орын тапшылығы пайда болады. Сондықтан осы үш факторды ескере отырып, жаңа мектептер салуымыз қажет, - деп атап өтті министр.

Өзгелердің жаңалығы