Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қайырымдылық пен еріктілік - ұлт мәдениетінің бір бөлігі» тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында «ШҰҒЫЛА» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мейірхан Әбдірахманов айтып берді.
Өкінішке қарай, заңмен көп дүние шешіле бермейді. Менің ойымша, қайырымдылық саласында алаяқтар көп емес. Бұл алаяқтық жасайтын сала емес. Қайырылымдылық, волонтерлік – біздің ұлттық мәдениетіміз. Кезінде 30-жылдары ата-бабаларымыз өз жеріне шешендерді, немістерді, корейлерді қабылдап, өз үйлерін 8-ге бөліп, 8 отбасын асыраған. Соңғы нандарымен бөліскен. Бұл қайырымдылықтың көкесі. Қанымызда, генімізде кеңпейілдік, жомарттық, қайырымдылық жасауға ұмтылыс бар. Соны қайта дамытып, жандандыруымыз керек. Демек мектептер, университет пен мешіттер қайырымдылықты басқа деңгейге көтерулері керек, - дейді ол брифингте.
Әбдірахманов айтқандай, әр отбасы баланы кішкентайынан біреуге көмектесуге, қайырымдылық жасауға үйретулері қажет. Мәселе беретін сомасында емес, мәселе оны табыстау мәдениетінде екенін айтты ол.
Біреуге қол ұшын бергенде адам одан рухани ләззат алады. Сондықтан отбасынан бастап, мектеп, университет пен мешіттерде қайырымдылық мәдениетін енгізуіміз қажет. Жаңа буынды қайырымдылыққа тәрбиелеуге әр адам өз үлесін қосуы тиіс, - деп атап өтті қор құрылтайшысы.