Елімізде қандай өнеркәсіп салалары өскені белгілі болды

12 Қазан 2021, 09:26
8132
Бөлісу:
Елімізде қандай өнеркәсіп салалары өскені белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсіп келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады.

Биылғы жылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 62,8 млрд АҚШ долларын құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 37,5 млрд АҚШ долларын құрады. Ал өңделген тауарлар экспорты 23,2%-ға өсіп, 12,1 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Тауарлар импорты 25,4 млрд АҚШ долларын құрады, - деп баяндады министр.
Ерғалиевтың сөзінше, оң сауда балансы өткен айға қарағанда 1,7 млрд АҚШ долларына өсіп, 12,1 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Осы жылғы қаңтар-қыркүйекте сала бойынша өндіріс көлемі 5,7%-ға өсті.

14 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, Алматы және Қостанай облыстарында байқалып отыр. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 38,1%, машина жасау – 22,8%, оның ішінде автомобиль жасау – 31,6%, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 50,5%, сондай-ақ құрылыс материалдары – 10,1%, пластмасса бұйымдары – 31,4%, дайын металл бұйымдары – 17,2%, киім – 14% және жиһаз – 14,9% деңгейінде серпінді өсуді көрсетіп отыр, - деп түсіндірді Әсет Ерғалиев.

Өзгелердің жаңалығы