Елімізде инватакси қызметі жақсара түспек

26 Қазан 2023, 17:24
741
Бөлісу:
Елімізде инватакси қызметі жақсара түспек
Фото: BAQ.KZ - архив

Үкімет мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік құқықтарын қорғау туралы депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Таңсауле Серіков мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтеттік деңгейін арттыру мақсатында өз ұсыныстарын айтқан болатын. 

Депутаттың сауалына Премьер-министр Әлихан Смайылов жауа берді.

Әлеуметтік кодекске сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидалары бекітілген. Қағидада еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарды арнайы автокөлікпен қамтамасыз етуге арналған медициналық көрсетілімдер тізбесі айқындалған.

Бұған қоса, инватакси қызметін көрсету тәртібі Мүгедектерді автомобиль көлігімен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету қағидаларымен реттелген.

2023 жылға инватакси қызметтерін көрсету үшін жергілікті бюджет қаражатынан 4,5 млрд теңге бөлінген. Ал 2022 жылы 2,7 млрд теңге бөлінген болатын.

Инватакси қызметі медициналық көрсеткіштері бар бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың қосымша шарасы. Қағидаларға сәйкес жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, инватакси қызметтерін алушылар санатын, көрсетуге арналған объектілердің және белгіленген пункттердің тізбесін кеңейтуге болады, - делінген Смайыловтың жауабында.

Сөзінше, инватакси қызметтерінің қолжетімділігін ұлғайту және сапасын арттыру үшін Яндекс, Индрайвер және басқа да такси сервистерін ұсынатын ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілді.

Пилоттық жоба биылдың шілдесінен бастап Астана және Алматы қалаларында іске қосылды. Пилотты енгізу нәтижелері бойынша инватакси қызметтерін ұйымдастыру тәртібін жетілдіру және тиісінше мүгедектігі бар адамдарды автомобиль көлігімен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету қағидаларына толықтырулар енгізу жоспарланып отыр, - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар 2022 жылы «Автомобиль көлiгi туралы» Заңына түзетулер енгізілді, оған сәйкес республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, астанада жолаушылар мен багажды тұрақты қалалық тасымалдауды жүзеге асыру үшін сатып алынатын автокөлік құралдарын жасаушы зауыт халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын тасымалдау үшін ыңғайластыруға тиіс.

Өзгелердің жаңалығы