Бұл туралы Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының басшысы Ержан Әділбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өкінішке қарай, елде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алады. Бүгінгі таңда аталған дерт ауру-сырқаулық, өлім-жітім және жоғары мүгедектік құрылымында жетекші орын алып отыр. Жоғары қан қысымы, атриалды фибрилляция, миокард инфарктісі, ревматизм сынды жүректің әртүрлі аурулары, қант диабеті, алдын-ала өтпелі ишемиялық шабуылдар (TIA) және алдыңғы инсульттар, сондай-ақ гиперхолестеринемия, алкогольді мөлшерден тыс пайдалану, темекі шегу, артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, стресс және төмен дене белсенділігі адамда инсульт болу мүмкіндігін арттырады, - деп атап өтті Ержан Әділбеков «Инсульт мектебі» халықаралық конференциясынан кейін берген сұхбатында.
Айта кетерлігі, бүгін елордада «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ қарасты Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен «Инсульт мектебі» халықаралық конференциясы өтіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, төртінші рет өткізіліп отырған іс-шараның жылдан жылға шекарасы кеңейіп, ауқымы арта түсуде. Конференция отандық мамандар өз жұмыстарын қорытындылап, шетелдік спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісетін алаңға айналған. Оған отандық білікті дәрігерлерінен басқа, Италия, Латвия, Түркия және Беларусь сияқты елдердің нейрохирургия, кардиология, реаниматология саласының мамандары қатысып жатыр.
Біздің конференция ұлттық платформаға айналды. Онда біз мидың қан тамырлары аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсетудің өзекті мәселелерін талқылаймыз. Биылғы жылы ғылыми-практикалық конференция тақырыбы бойынша алуан түрлі, өте маңызды болмақ. Ғылыми-практикалық конференция бағдарламасында республикамызда инсульт қызметін ұйымдастыру, нейровизуализациялық диагностика, тромболитикалық терапияны пайдалана отырып инсульттарды емдеу, ашық нейрохирургиялық және эндоваскулярлық оперативтік араласулар, қайталама профилактика мәселелерін талқылаймыз. Конференция барысында біз заманауи жетістіктерді талқылаймыз және ми қан айналымы бұзылған науқастарға көмек көрсету кезінде нейрохирургия мен неврологиядағы іргелі дағдыларды қайталаймыз, - деді жоғары санатты нейрохирург.