Елімізде геология саласына қатысты мемлекеттік бағдарлама пайда болады

24 Желтоқсан 2019, 17:40
1781
Бөлісу:
Елімізде геология саласына қатысты мемлекеттік бағдарлама пайда болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, бүгінгі таңда геология саласының алдында тұрған ең маңызды міндеттің бірі – пайдалы кен қорларының орнын толықтыру. 

Қазіргі кезде пайдалы қазбалар қорының артуы мен оларды өндіру көлемінің арасындағы коэфицент орташа есеппен қатты пайдалы қазбалар бойынша 0,13-ті, ал көмірсутек шикізаты бойынша 0,9-ды құрайды. Бұл ретте айтарым, бұған дейін геологтар 2 деген коэфицентті ұстанатын. Яғни егер пайдалы қазбаның 1 тоннасын өндіретін болсаңыз, онда орнына кем дегенде 2 тонна кен орнын ашып, барлап, балансқа қоюыңыз қажет. Көріп отырғандай, біз қазір 1-ге де жете алмай жатырмыз. Осының барлығы еліміздегі геологиялық барлауды қайта жандандыру қажет екенін көрсетеді, - деді министр. 

Оның мәліметі бойынша, жаңа кен орнын ашу мен оны іске қосу аралығында кем дегенде 10-15 жыл уақыт өтеді. Осыған байланысты министрлік 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік геологиялық барлау бағдарламасын әзірлеуге кіріскен және оны 2020 жылдың бірінші жартысында бекіту жоспарланған.

Мемлекеттік бағдарлама аясында аз зерттелген шөгінді бассейндердің мұнай-газ әлеуетін анықтау және тау-кен аудандары аймағында терең горизонттарды зерттеу көзделіп отыр. Бағдарлама іске асса, 2025 жылға қарай аймақтардың зерттелу пайызы қазіргі 25-тен 37-ге артады. Сонымен қатар, қатты пайдалы қазбалардың 40-қа жуық перспективті учаскесі анықталып, көмірсутек ресурстарының болжамдарын бағалауға мүмкіндік туады. Жалпы геология ғылымына, аймақтардағы іздестіру және барлау жұмыстарының ғылыми-зерттеу және аналитикалық бағытына баса назар аударылатын болады, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Қазіргі кезде еліміздегі 76 нысанда геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2017-2019 жылдары жүргізілген зерттеулердің нәтижесі бойынша республиканың барлық дерлік аймақтарында пайдалы қазбаларды анықтауға арналған перспективті нысандар анықталды. 
Жер қойнауын пайдаланушылар жұмысының нәтижесінде биыл алғаш рет 17 кен орны мемлекеттік балансқа қойылды. Оның ішінде қатты пайдалы қазбалар бойынша – 11, көмірсутек шикізаты бойынша – 6 кен орны. Оларға қатысты инвестиция көлемі – 170 миллиард теңге көлемінде болады деп күтілуде.


Өзгелердің жаңалығы