Елімізде феррохром өндірісінің көлемі 50% артпақ

5 Тамыз 2019, 11:40
2189
Бөлісу:
Елімізде феррохром өндірісінің көлемі 50% артпақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақсу ферроқорытпа зауытындағы қайта қалпына келтіру бағдарламасы аясында жаңғыртылған пештен алғашқы металл алынды. Бұл туралы Еуразиялық топтың баспасөз қызметі хабарлады. 

Еуразиялық топ құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының металлургтері жаңадан салынған инновациялық № 64 пешті іске қосты. Пешті қалпына келтіруге 70 миллион доллардан астам инвестиция құйылған. № 6 балқыту цехын ауқымды жаңартудың бірінші кезеңін түйіндеген агрегат біртіндеп жұмыс қарқынын үдетіп келеді. Әрі 2024 жылға қарай ол феррохром өндірісінің көлемін 50%-ға арттырмақ.

Ақсу ферроқорытпа зауытының ең ірі балқыту бөлімшесі – № 6 цехты қайта құру - кәсіпорынның негізгі өндірісін кең ауқымды жаңғырту бастамасының бір тармағы. Бұл жұмыс 2014 жылы Оңтүстік Африканың «Tenova Pyromet» компаниясының негізгі инженерлік техникасын енгізуден басталды. Ол сонымен қатар жабдықтың негізгі жеткізушісі етіп таңдалған. Қалған үш пешке жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп, 2024 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған.

Осы үш пештің жұмысын қоса алғанда, цех 2018 жылы 269 мың тонна феррохром өндірген. Ал 2024 жылғы қарай мұнда жылына 503 мың тонна феррохром өндіру көзделіп отыр. Әрі электр энергиясы шығынын 20% төмендету жоспарланған.

"2017 жылы № 64 пеш күрделі жөндеуге тоқтатылып, бөлшектелді. Қазір оның орнында - жаңа буын агрегаты орнатылған. Бұл тек пешті физикалық жаңартумен шектелмейді. Бұл көп өнім өндіруге мүмкіндік беретін мүлдем жаңа технологияларға көшу, бірақ өндірілетін металдың бір тоннасына кететін энергия шығыны азырақ жұмсалады. Жаңартудың басым бағыттарының бірі – қоршаған ортаны қорғау деңгейін едәуір жоғарлату. Мәселен, бұл пеш екі жаңа газ тазарту жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ, жұмыс жағдайын жақсарту – шикіқұрамды алдын ала қыздыру төтенше жағдайлар қаупін азайтады", - деді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьев. 

Пешті іске қосу ісі толығымен автоматтандырылған. Ол құралдар жиынтығымен жабдықталған барлық жүйелерді мұқият тексеруден кейін ісе қосылды. Енді жалпы саны 90 күн бойы қыздырылуы тиіс. Жұмыс қалыпты режимде. Шілденің 31-і күні пештен алғашқы металл да алынды.

"Жоба өте күрделі әрі ауқымды істерге толы болды. Бірақ, ең бастысы – біз оны іске асырудың әр кезеңіндегі ең жоғары жұмыс сапасына қол жеткіздік", - деп түсіндірді «Tenova Pyromet» өкілі Хэнк вад дер Бэйл. 

Өзгелердің жаңалығы