Елімізде есірткіге қарсы күрес айлығы өткізіліп жатыр

6 Маусым 2024, 20:15
303
Бөлісу:
Елімізде есірткіге қарсы күрес айлығы өткізіліп жатыр
Фото: polisia.kz

Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай елімізде профилактика айлығы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдар есірткіні қолдану қаупі және оның салдары туралы азаматтарға хабарлап, алдын алу шараларын бірлесіп өткізеді. Тек алғашқы аптаның өзінде 445 іс-шара ұйымдастырылды. Азаматтар психоактивті заттарды жарнамалайтын немесе есірткіні қолдануды насихаттайтын дүниелерді тарату үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын білмей жатады. 

Есірткіні таратқаны және сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, кейбір жекелеген есірткі құқық бұзушылықтары үшін 14 жастан басталады. Бүгінде ІІМ кәмелетке толмағандар арасында есірткі қылмыстарының алдын алуға баса назар аударып отыр. 

Өкінішке орай, биыл бес ай ішінде 20 жасөспірім жауапқа тартылды. Біз білім беру органдарымен бірлесіп, осындай қылмыстардың алғышарттары мен себептерін анықтап, оларды жою бойынша жұмыстар жүргіземіз. Күндіз нашақорлық мәселесі туралы дәріске қатысып, сұрақтар қойып, белсенділік танытып отырған жасөспірімнің кеше есірткі жасырып ұсталған жағдайлары да бар, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Қажығали Имажанов. 

Шара барысында пошта жөнелтілімдері және тасымалдаумен айналысатын көліктерге назар аударылады. Қызметтік иттердің қатысуымен автобекеттерде, пойыздарда, әуежайларда тексерулер жүргізіледі. Сонымен қатар кинолог мамандар мектеп пен колледж жастарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтетін болады.

Өзгелердің жаңалығы