Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында сенатор Бибигүл Жексенбай мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң дербес деректердің айналымы мен сақталуы саласында мемлекеттік бақылауды күшейтіп, құқықтық базасын қалыптастырады.
Заңда операторлар дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылғаны туралы уәкілетті органға бір жұмыс күнінен кешікпей хабарлауы міндеттелген. Ал, ақпараттық жүйелердің осал тұстары мен кемшіліктерін дер кезінде анықтап, ұдайы жетілдіру мақсатында ақпараттық жүйелерді зерттеуші үздік мамандарды тарту да заңға енгізіліп отыр. Бұл - әлемдік тәжірибеде бар шара. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орталық құрылып, «электронды үкіметтің» бірыңғай репозиторийі нақтыланып, онда бағдарламалық өнімдердің бастапқы кодтары сақталады, - деді Бибигүл Жексенбай.
Оның айтуынша, мемлекеттік мүддені қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шетелден көшіп келушілерден жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін тапсыру міндеттеледі.
Дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органға (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі) мәліметтер және оларды қорғау туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бақылаудың қосымша функциясы беріледі. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жетілдіру бағытында лицензиядан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру және қайта бастау рәсімі белгіленіп отыр. Заңның тұжырымдамасы бойынша Сенаттың тұрақты комитеттерінің ескертулері мен ұсыныстары болған жоқ, - деді сенатор.