Елімізде даяшылар маскамен қоса әйнекті қалқанмен жүруге міндеттелді

21 Тамыз 2020, 00:44
1994
Бөлісу:
Елімізде даяшылар маскамен қоса әйнекті қалқанмен жүруге міндеттелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде даяшылар маска тағып, қорғаныш үшін әйнекті қалқанмен жүруге міндеттелді. КТК телеарнасының хабарлауынша, еліміздің бас санитарының мұндай шешіміне рестораторлар қарсы шыққан.

Түрлі келеңсіздіктер болып тұрады. Бірде даяшы тапсырыс алып жатқанда, бетіндегі әйнекті қалқанның бекітпесі қонақтың тамағына түсіп кетті. Әрине, мейман ашуланды, дереу тамағын ауыстырып бердік. Жалпы, әйнек қалқанның қолайсыздығына қатысты мысалдар жетіп артылады, - дейді мейрамхана иесі Дастан Дәулет.

Пандемияға байланысты біресе ашылып, біресе жабылып жатқан тамақтану орындарының Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығын орындамасқа амалы жоқ. Алайда, маска мен әйнекті қалқаннан терлеп-тепшитін даяшылар түрлі жағдайға тап болуы мүмкін.

Өте ыңғайсыз. Әріптестерім мейрамхана ішінде жұмыс істегенде әйнекті қалқан терлеп, кедергі келтіреді. Әйнегі терлеген соң, көру мүмкін болмайды. Даяшылар соның салдарынан ыстық тамақты төгіп алып, түрлі кикілжің болады. Бұл мейрамхананың абыройына нұқсан келтіреді, - дейді мейрамхана басшысы Нұрғали Исаев.

Бұл ретте, кәсіпкерлердің базынасын Қазақстанның рестораторлар қауымдастығы да қолдап отыр.

Меніңше, әйнекті қалқандар коронавирустан еш қорғай алмайды. Қауіпті вирустан қолапайсыз құрал қалай сақтайды? Нақты дәлелденген түсініктемесі де жоқ, - дейді ҚР Рестораторлар қауымдастығының президенті Гүлнар Қатыбаева.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі бас санитардың қаулысы уақытында күшіне енген құжат деп санайды. Ол қауіпті індеттің келесі толқынынан қорғануға мүмкіндік береді екен.

Мемлекеттік бас санитардың қаулысына сәйкес, 26 маусымнан бастап кез келген қоғамға қызмет көрсету ортасында жүрген жұмыскерлер міндетті түрде маска, қолына қолғап киюі және бетті қорғайтын экранды қолдануы керек. Ол даяшыларға қатысты, - деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Сонымен не керек, бұл міндеттелген талапты елеп-ескермейтін кәсіпкерлерге 600 мың теңгеден астам айыппұл салынатыны ескертілді.

Өзгелердің жаңалығы