Елімізде бос жұмыс орындарының алғашқы онлайн-жәрмеңкесі өтеді

7 Маусым 2022, 10:36
1149
Бөлісу:
Елімізде бос жұмыс орындарының алғашқы онлайн-жәрмеңкесі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде бос жұмыс орындарының алғашқы онлайн-жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

Ол алдымен еңбек нарығында жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіліп жатқанын түсіндірді. 

Бірінші кезектегі мәселе жастарды жұмысқа тарту. Ол үшін орта және ірі кәсіпорындардағы бос жұмыс орындарына онлайн-жәрмеңке өткізу арқылы жастарды еңбекпен қамтуды қолға алдық. Биыл мамыр айында ERG компаниялар тобымен бірлесіп, білім беру ұйымдарының түлектерін және 35-ке дейінгі жастарды жұмысқа орналастырудың онлайн-жәрмеңкесі пилоттық режимде өткізілді. Компания 350 жұмыс орнын ұсынды. Бір аптаның ішінде жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келетін 159 жас іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданды. Олардың арасында еліміздің барлық өңірінің өкілдері бар, - деді министр.

Еңбекмині пилоттық жобаның қорытындысын Білім және ғылым, Ұлттық экономика, Цифрлық даму министрліктерімен жан-жақты зерделеген. Талқылауға тау-кен, металлургия саласындағы кәсіпорындардың және  «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының өкілдері де белсене қатысты. 

Соның нәтижесінде бұл компаниялармен осы жылдың соңына дейін электронды еңбек биржасына 20 мың бос жұмыс орнын орналастыру туралы келісімге келдік. Оның ішінде IT саласы мен «Ауыл - ел бесігі» жобасы да бар, - дейді Дүйсенова Үкімет отырысында.

Бос жұмыс орындардың алғашқы онлайн-жәрмеңкесі 24-30 маусым аралығында өтеді. 

Келешекте ай сайын тұрақты ұйымдастыру көзделіп отырған жәрмеңке тек кәсіпорын орналасқан аймақ тұрғындарына ғана емес, барлық қазақстандыққа бірдей қолжетімді болуын, жұмысқа қабылдау процесінің ашықтығын, жұмыс іздеушінің мақсатты таңдауын, жұмыс берушілердің сапалы іріктеу мүмкіндігі болуын қамтамасыз етеді, - деп түсіндірді ол.

Өзгелердің жаңалығы