Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ақпараттық жүйелерін (АЖ) трансформациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, қазіргі уақытта министрлікке қарасты 17 ақпараттық жүйе бар. Соның ішінде 8 жүйені бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіру жұмыстары басталды.
Бұл трансформацияны ағымдағы жылдың қараша-желтоқсан айларына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде Бірыңғай медициналық дерекқор қалыптасып, әрбір азаматтың электрондық денсаулық паспорты цифрлық форматта қолжетімді болады, - деді Ербол Оспанов.
Жаңа жүйе азамат Қазақстанның қай өңірінде, қай медициналық мекемеге жүгінсе де, дәрігерге оның толық медициналық тарихын көруіне мүмкіндік береді.
Әр азамат өзінің медициналық деректерін басқара алады. Ол электрондық портал арқылы қай медициналық ұйымға, қандай дәрігерге өзінің деректерін ұсынатынын өзі шешеді, - деп атап өтті вице-министр.
Бұған дейін енді медициналық анықтамаларды электрондық нұсқада алуға болатынын, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында жедел жәрдем қызметтерін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, оның аясында енді жедел жәрдем бақылауда болатынын жаздық.