Қазақстанда дәрігерлердің мәртебесін көтеру, медициналық білім сапасын жақсарту және денсаулық сақтау саласына заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Үкімет медицина қызметкерлерін қолдау шараларын кеңейтіп, кадр даярлау жүйесін жетілдірумен қатар, медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуда.
1 003 жаңа медициналық нысан ашылды
Соңғы бес жылда Қазақстанда 1 003 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, үш ғылыми медициналық орталық және қан орталығы мен оңалту орталықтарын қоса алғанда, басқа да тоғыз ұйым бар.
Жаңа нысандардың 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ашылған.
Дәрігер тапшылығы 20,4%-ға азайды
Қазір Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның шамамен 84 мыңы – дәрігер.
2025 жылдың қорытындысы бойынша дәрігер тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда 20,4%-ға қысқарған. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 28,3%-ды құрады.
Дәрігерлерге әлеуметтік қолдау күшейді
2025 жылы түрлі әлеуметтік қолдау шараларымен 1 760 дәрігер қамтылды. Тұрғын үймен қамтамасыз етілген медицина қызметкерлерінің саны 3,3 есе өсіп, 727 адамға жетті.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін тапшы мамандық иелерінің 529-ы 8,5 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем алған.
72 мыңнан астам адам медициналық мамандықтар бойынша білім алып жатыр
Қазақстанда дәрігерлерді сегіз медициналық университет, көпсалалы жоғары оқу орындарының жеті факультеті және 17 ғылыми ұйым даярлайды.
Медициналық білім алып жатқан студенттердің жалпы саны 72 мыңнан асады. Оның 61 мыңнан астамы жоғары білімнің негізгі деңгейінде, ал 11 мыңнан көбі жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқып жатыр. Бұған қоса, медициналық колледждерде 110 мыңға жуық адам білім алуда.
Елде 760 медициналық білім беру бағдарламасы тіркелген
Қазақстанда 760 медициналық білім беру бағдарламасы бар. Оның төртеуі инновациялық бағыттарға жатады. Олар – кинезитерапия, ІТ-медицина, фармация және иммунобиологиялық препараттар биотехнологиясы, сондай-ақ мейіргер ісі ғылымы.
Сонымен бірге болашақ дәрігерлердің практикалық дайындығына басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта симуляциялық орталықтар желісі дамып, клиникалық тәлімгерлік институты енгізілуде.
Дәрігерлерді даярлау өңірлердің сұранысына бейімделеді
Білім беру гранттарын бөлу кезінде өңірлердегі аурушаңдық деңгейі, кадр тапшылығы, демографиялық көрсеткіштер және мамандарға деген болжамды сұраныс ескеріледі.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесінде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі де күшейтіліп жатыр.
Медициналық білім мен ғылымға жасанды интеллект енгізіледі
Медициналық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні қолдануға қатысты пәндер енгізілуде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде медицинадағы жасанды интеллект бағыты бойынша орталық ашылған. Сонымен қатар қалалық деңгейдегі медициналық деректерді талдап, денсаулыққа төнетін қауіптерді болжауға және басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектесетін жүйені әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамыту медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуды, дәрігерлерді әлеуметтік қолдауды, жаңа кадрлар даярлауды және заманауи технологияларды енгізуді қамтиды. Негізгі мақсат – маман тапшылығын азайтып, білім беру жүйесін жетілдіру және кадрларды өңірлерде тұрақтандыру арқылы медициналық көмектің сапасын арттыру.