Елімізде азаматтардың еңбек құқықтары қалай қорғалады?

26 Ақпан 2021, 12:19
2403
Бөлісу:
Елімізде азаматтардың еңбек құқықтары қалай қорғалады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов алқа отырысында еңбек құқықтарын қорғауға, өндірістік жарақаттануды төмендетуге және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын қысқартуға бағытталған бірқатар құжаттар дайындап жатқандарын жеткізді.

Министр өз сөзінде лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан кәсіпорындарында еңбек заңнамасының сақталуына тұрақты мониторинг және бақылау жүргізіліп отыратынына тоқталды.

2020 жылы тексеру нәтижелері бойынша 4,4 мың жұмыс беруші 7 мыңнан астам бұзушылықты жойды. 31 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды, оларға жалақы бойынша 4,2 млрд теңгеден астам берешек төленді.

Сонымен қатар жалақы бойынша берешек мәселесі әлі де сақталуда. Осы жылы 31 қаңтардағы жағдай бойынша 70 кәсіпорында қарыз 837 млн теңгені құрады. Банкрот немесе оңалтудағы кәсіпорындардағы берешек ерекше алаңдаушылық туғызады, оның үлесі жалпы соманың 78%-ын құрады, – деп баяндады министр алқа отырысында. 

Министр сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету шеңберінде 2,7 мыңнан астам кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізгенін, 3 мыңнан астам өндірістік объект аттестатталғанын хабарлады. Ішкі бақылауды 15 мыңнан астам өндірістік кеңестер жүзеге асырады.

2019 жылғы 17 маусымда Женевада Еңбекмині Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету туралы меморандумға қол қойды. Республиканың 216 кәсіпорны осы тұжырымдамаға қосылды, - деп атап өтті Шәпкенов.

2020 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан зардап шеккендердің саны 1 503 адамға өскен, ал 2019 жылғы 1 430 жағдай болған.

Әкімдіктермен және әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, Әлеуметтік әріптестік жүйесін күшейтуге бағытталған кешенді шаралар іске асырылуда. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ірі және орта кәсіпорындардың 97,1%-ы және шағын кәсіпорындардың 46,8%-ы ұжымдық шарттармен қамтылған. Қызметкерлердің қысқаруына жол бермеу мақсатында әкімдіктер мен өңірлердің кәсіпорындары арасында өзара ынтымақтастық туралы 131 мың меморандум жасалды, - деп айтты ведомство басшысы. 

Министр атап өткендей, еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспарды және 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасын іске асыруды қамтамасыз ету қажет.

Еңбекминінің басшысы ҚР Үкіметі мен кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы жаңа Бас келісімді келісу аяқталатынын, оны қабылдау еңбек қатынастарының теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге тиіс екенін айтты.

2030 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеу шеңберінде өндірістік жарақаттану көрсеткіштерін төмендетуге және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын қысқартуға ықпал ететін еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін құру жөніндегі міндет шешілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы