Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте ауыл шаруашылығында агродрондарды қолдану тәжірибесін пайдалану мен кеңейтудің тиімділігі қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ Primeminister.kz сілтеме жасап.
Әлемнің 100-ден астам елінде ауылшаруашылық дрондарын қолданудың халықаралық тәжірибесі жерүсті бүріккіш-техниканың орнына ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдаланудың елеулі артықшылығын көрсетеді. Бүгінде дүние жүзінде агродрондардың көмегімен 500 млн гектардан астам егістік өңделді. Суды үнемдеп жұмсау есебінен әлем бойынша шамамен 210 млн тонна суды үнемдеуге, СО2 эмиссиясын 25 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік туды. Ауылшаруашылық дрондары жетуі қиын жерлерді өңдеп, зерттеуге мүмкіндік береді. Олар кез келген ауа райында, тәулік бойы, жаңбыр кезінде және түнде жұмыс істейді.
Мысалы, өздігінен жүретін бүріккіш гектарына 150 литр су жұмсайды, 5 мың гектарға шамамен 750 мың литр су қажет. Ал, дронға дәл осындай аумақты өңдеу үшін 50 мың литр қажет, бұл 15 есеге аз. Сонымен қатар жұмыс кезінде өздігінен жүретін бүріккіш сорап құрылғыны басып кетеді, бұл фермерге өнімнің шамамен 6%-ын жоғалтуына әкеледі. ҰҰА дақылдарға мұндай зиян келтірмейді, — деді кеңесте агродрондарды пайдаланатын компанияның өкілі Санжар Нұрғазинов.
Қазақстанда өсімдіктердің зиянкестері мен қауіпті ауруларын зерттеу және емдеу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануды кеңейту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі қытайлық Eavision компаниясымен 80 агродрон әкелуге арналған меморандумға қол қойды. Олар ҰҰА ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында сатылады. Бұдан басқа, «Sunkar eavision International LLP» ЖШС Бірлескен қазақстан-қытай кәсіпорны құрылды, ол «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі АЭА аумағында отандық дрондарды жинаумен айналысады.
Өңірлердің ӘКК-мен бірлесіп Түркістан, Тараз, Абай және Жетісу облыстарында агродрондардың демонстрациялық және сервистік орталықтарын ашу мәселесі пысықталды. Үш оқу орнының базасында: Талғар политехникалық колледжінде, Семей қаласындағы IT-технологиялар колледжінде және Түркістан облысы Қапланбек ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжінде құрастырушылар мен ұшқыштарды оқыту мәселесі шешілді, — деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Сонымен қатар зиянкестер тараған орындарды зерттеу және емдеу үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Ғарыш Сапары» АҚ – «ФитоКЗ» ГАЖ ақпараттық жүйесінде жүргізілген өңдеулер мен зерттеу іс-шараларын байланыстыру көзделген.
Серік Жұманғарин кездесуде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алдына агродрондарды басқару үшін өзіміздің бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу мүмкіндігін зерттеу тапсырмасын қойды.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин АШМ-ге 2025 жылдың ақпан айының соңына дейін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етуді іріктеуді немесе әзірлеуді, сервистік орталықтар құруды, негізінен ауыл жастарынан ҰҰА-мен жұмыс істейтін мамандарды даярлауды ескере отырып, ауыл шаруашылығында агродрондарды дамыту және енгізу жөніндегі Жол картасын әзірлеуді, ҚазАгроҚаржыға – қолда бар қаражат шеңберінде агродрондарды сатып алуы үшін шаруаларды қолдау шараларын пысықтауды тапсырды.