Елімізде анонимді түрде кеңес алатын әлеуметтік желі пайда болды

18 Қазан 2021, 16:50
8732
Бөлісу:
Елімізде анонимді түрде кеңес алатын әлеуметтік желі пайда болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында GetEmotions жобасының негізін қалаушы Айтуған Омаров мәлім етті.

Ол GetЕmotions жасырын әлеуметтік желісінің басқа да желілерден айырмашылығын былай түсіндірді.

Күнделікті өмірде шешілмей, жауапсыз қалатын маңызды проблемалар бар. Сондықтан әлеуметтік желіге арнайы блог құрдық. Оған «сұрақтар мен кеңестер» деген атау бердік. Сіз оған анонимді түрде сұрақ қоя аласыз. Яғни, өзіңізді мазалап жүрген сауалды қойып, анонимді түрде желі қолданушысынан жауап аласыз. Әркім әртүрлі ойлайды, жан-жақты өзгеше көзқарастар бар, - дейді Омаров.
Айтуған Омаровтың мәлімдеуінше, GetЕmotions әлеуметтік желісі арқылы сіз өміріңізде шешім таппай, мазалған сұраққа жауап аласыз. Ал кейбір қолданушының жауабы сіздің ойыңызға да келмеуі мүмкін.
Бұл желіде сіз туралы ешқандай ақпарат көрсетілмейді. Егер сіз өзіңізді мазалаған сұрақты желіге жазған болсаңыз, аты-жөніңіз немесе басқа да ақпарат түрлері көрсетілмейді. Сауал жіберген кезде ол модерацияға жіберіледі. Бастысы сіздің сұрағыңыз GetEmotions тәртібіне сай жазылса болғаны. Өйткені басқа да әлеуметтік желілер секілді біздің өз тәртіптеріміз бар. Модератор сіздің сұрағыңызды мақұлдағаннан соң, сұрағыңыз барлық GetEmotions қолданушысына көрінеді. Оларға қойған мәселеңіз ұнаса, пікір қалдырып, талқылауға болады. Бастысы – сіз туралы, сізге жауап берген адам туралы да ақпарат көрсетілмейді. Бәрі анонимді түрде, - дейді GetEmotions жобасының негізін қалаушы.

Өзгелердің жаңалығы