Биыл елімізде алғаш рет курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қазір ондағы ғалымдар курорттық инфроқұрылымды дамыту бағытында жаңа методикалар мен ғылыми жобалар дайындап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы «Шипажай» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтылды. Осыған дейін еліміздегі курорттық және медициналық оңалту орталықтары ескі әдіс-тәсілмен жұмыс істеп келген. Салдарынан кейбірінің материалдық-техникалық базасы жылдар бойы жаңартылмай, кадрлық, сервистік жұмыстарда олқылықтар болған. Енді бұл жүйе толығымен жаңарады дейді мамандар. Жалпы қазір елімізде ересектер мен балаларға арналған 170-тен астам шипажай бар.
Осыған дейін бізде курортология және медициналық оңалту институты болмағандықтан көп нәрсе назардан тыс қалып қойды. Сондықтан мамандар еліміздің биоклиматтық әлеуетін қайта бағалау жұмыстарымен айналыспақ. Яғни, әр аймақтағы минералды сулар және емдік балшықтар зерттеледі. Осылайша, ғылыми жобалар мен түрлі методикалар жасалмақ, - дейді ҚР ДСМ курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының директоры Саягүл Қайыргелдина.