Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде АЭС салынса, қанша жұмыс орны ашылатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
АЭС салу материалдар мен жабдықтар өндірісіндегі құзыреттілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бюджетке инвестициялар ағыны мен салық түсімін қамтамасыз ете отырып, елдегі технологиялардың дамуына елеулі үлес қосады. Бұдан басқа, салу кезеңінде шамамен 8000 жұмыс орны ашылып, 2000 адам жұмыс істейтін болады. Бұл жағдайда, атом электр станциясының аралас салаларындағы әрбір жұмыс орны 10-ға дейінгі жұмыс орнын ашады және еңбек нарығы мен бүкіл аймақтың дамуына оң әсерін береді, - деді Сәтқалиев үкімет баспасөз орталығында.
Министрдің айтуынша, Қазақстан атом энергетика саласын жаңа деңгейге көтереді.
Халықаралық әріптестермен бірлескен жобалар Қазақстанды уран өндіруде әлемдік көшбасшы ретінде ғана емес, атом саласындағы жоғары технологиялық шешімдерде де жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі. Оларға медициналық және мұнай-газ секторы үшін радиоизотоптар, жартылай өткізгіштер және басу платасы жатады, - дейді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов елімізге АЭС салынса, құрылыс қатаң бақылауға алынатынын айтты. АЭС бойынша референдум өткізу туралы Үкімет қаулысының жобасы Президент қарауына ұсынылды.
АЭС салуда Беларусь тәжірибесінің өткені мен бүгіні туралы осыған дейін жазғанбыз. АЭС-тің қалай жұмыс істейтіні және несімен тиімді екені де айтылды.