Елімізде 600 мың тонна балық өсіретін әлеует бар

22 Қыркүйек 2021, 13:51
5928
Бөлісу:
Елімізде 600 мың тонна балық өсіретін әлеует бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Парламенттің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров айтты. Балық шаруашылығына қатысты мәселе көтерген депутаттың айтуынша, еліміздің халқы жан басына шаққанда балықты аз тұтынатын ел болып есептеледі.

ДДСҰ бір адамға жылына кемінде 16 кг балық өнімін тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 келіден аз.

Өз кезегінде көрші Ресей мен Қытайда бір адам тиісінше 20-40 кг балық етін тұтынады. Өткен ғасырдың 70-жылдары Қазақстанда балық аулау көлемі жылына 100 мың тоннаға дейін жеткен. Бүгінде 46 мың тонна көлемін әрең еңсереді. Табиғи су қоймаларындағы балық қорларын пайдаланудың өз шегі бар, ал көптеген су айдынында балық ресурстарының төмендеуі байқалады, - деді Саиров.

Елімізде 600 мың тонна балық өсіретін әлеует бар

Депутат әзірге Қазақстан Үкіметі еліміздің балық саласына тиісті көңіл бөлмегенін алға тартты. Қазақстанның балық өнеркәсібі бүгінде көршілес Өзбекстаннан артта қалып тұр.

Қолда бар су ресурстарын ескере отырып, Қазақстанда балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға дейін өсіру үшін зор әлеует бар. Экспорт көлемін 10 есеге арттыруға болады. Бұл кемінде 50 мың қосымша жұмыс орнын құруға және әсіресе, ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға ықпал етеді, - деп отыр депутат.

2020 жылы Өзбекстан 144 мың тонна балық өсіріп және аулаған, ал біздің елде бұл көрсеткіш 52,7 мың тоннаны құраған.

Қайта өңдеуге тапсырылған балық пен уылдырықтың әрбір килограмы үшін (отандық өндірушіден) тауарлық субсидиялар көздеу қажет. Отандық балық өнімдерін экспорттаушыларға жүйелі қолдау құралдары мен преференциялар көздеу маңызды. Балық өсіру жүйесіне қатысатын су объектілері мен экожүйелерді қорғау жөніндегі жұмысты күшейту керек, - деді Мәжіліс депутаты.

Өзгелердің жаңалығы