Елімізде 500 мыңға жуық бала тегін үйірме мен секцияға қатысып жүр – Дәурен Абаев

22 Маусым 2022, 14:03
1236
Бөлісу:
Елімізде 500 мыңға жуық бала тегін үйірме мен секцияға қатысып жүр – Дәурен Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. 

Ведомство басшысы шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларының жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінің әрі қарайғы жұмысына тоқталды. 

Қазіргі уақытта 495 мың бала 15 мың үйірме мен секцияға барып жүр. Оған 32 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Жыл соңына дейін қосымша 97 млрд теңге қажет. Айтылатын сын мен қойылатын сұрақтардың алдында бір ғана дүниені айтқым келеді: артспорт – бұқаралық спортты дамытудың жалғыз механизмі емес. Мысалы, бүгінге дейін 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін іске қосу арқылы біз жақсы нәтижеге қол жеткіздік, оның 32-сі аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде ашылды, - деп атап өтті министр. 

Айтуынша, ауылдық жерлерде спорттық іс-шаралар мен секцияларды ұйымдастыруға жауапты 3064 жаттықтырушы жұмысқа алынған.  

Жастарды спортқа тарту үшін өткен жылы баскетбол, волейбол, футзал, қазақша күрес, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен мектепішілік және студенттер арасында ұлттық лигалар өткізілді, - деді Дәурен Абаев. 

Өзгелердің жаңалығы