Елімізде 5 мыңнан астам үй су астында қалған

23 Сәуір 2024, 10:27
260
Бөлісу:
Елімізде 5 мыңнан астам үй су астында қалған
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов тасқын қаупі бар елді мекендердің жағдайы туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда Атырау, Батыс, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне ағызған судың салдарынан батыста жағдай күрделене түсті, ал солтүстікте су Ақмола облысынан келіп жатыр. Абай, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеуде. Бұл өңірлердегі елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Бүгінгі таңда 5 мыңнан астам тұрғын үй, 16 мыңнан астам саяжай, бір мың аула аумағы мен 91 ғимарат су астында қалып отыр, - деді ол Үкімет отырысында.

Вице-министрдің айтуынша, 10 облыста жергілікті ауқымдағы 41 төтенше жағдай жарияланды. Қазір Абай және Павлодар облыстарының 3 ауданында олар алынды.

Зардап шеккен елді мекендерге су жеткізу, энергиямен жабдықтау және көлік қатынасын қалпына келтіру мәселелері министрліктің үйлестіруімен жедел шешіліп жатыр. Су тасқынын жою жұмыстары басталғаннан бері шамамен 11,6 миллион текше метр су сорылып, 5 миллионнан астам құм қапшық төселді. Құтқару және шұғыл жұмыстарды атқару кезінде тиімді әдістер мен тәсілдер енгізілді. Мысалы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында понтон көпірлерін орнату және тез арада су бұру арналарын салу әдісі қолданылды. Бұл шаралар көлік байланысын қамтамасыз ету мен су басу қаупін азайту мүмкіндігін берді, - деді Бауыржан Сыздықов.

Сыздықов зардап шеккендерді эвакуациялау және орналастыруға қатысты барлық мәселелер шұғыл шешіліп жатқанын айтады.

Азаматтарға дер кезінде медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Құтқарушылар босанған әйелдерді құтқарған да жағдайлар болды, олардың барлығы ауруханаларға аман-есен жеткізілді. Иелері тастап кеткен үй жануарларын да суда қалдырмай, қауіпсіз жерге көшіріп жатырмыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы