Қазақстанда алдағы уақытта 42 су қоймасы салынуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Алдағы уақытта елде 42 су қоймасын салу немесе жаңғырту жоспарда бар. Одан басқа, 14,5 мың шақырым магистралдық каналдар бірінші кезекте күрделі жөндеуден өткізілуге тиісті. Мемлекет басшысының өте қатал талаптарының бірі – су шығынын төмендету. Ал ол үшін біз саланы цифрландыруымыз керек. Өкінішке қарай, бүгін цифрлық технологиялардың ауылы алыс болып отыр. Біз осы бағытта жұмыс істеудеміз. Ол үшін бізге нақты уақыттағы шығындарды анықтау қажет, - деп түсіндірді вице-премьер.
Сонымен қатар БАҚ өкілдері салалық министрліктің басшысы Нұржан Нұржігітовтен: "Қазақстанда судың 42%-ы ғана тұтынуға жарамды. Арналардағы шығын 50%-ды құрайды. Неліктен соң 5 жылда пилоттық учаскелерден бөлек, жаңарту бойынша бірде-бір ауқымды жоба жоқ?" деп сұрады.
Министрлік 2023-2024 жылдары су инфрақұрылымы саласына инвентаризация жүргіздік. Бүгінгі таңда су саласында 13 мыңнан астам нысан бар. 2021 жылдан бастап биылға дейін 5,5 мың шақырым ирригация жүйесіне жөндеу, реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа біз 722 тікелей дренаж ұңғымасын қалпына келтірудеміз. Бұл Түркістан облысында жүргізіліп жатыр. Инвентаризация жасаған соң кешенді жоспар әзірледік. Биыл су қоймаларына жөндеуді, гидротехникалық ғимараттарға күрделі жөндеуді бастаймыз, - деп жауап берді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске салайық, бұған дейін су үнемдеген шаруаларды Үкімет қолдайтыны туралы жазған болатынбыз.