Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қазгидромет" РМК синоптиктері 6-8 ақпанға арналған ауа райы болжамын ұсынды.
Оңтүстік-батыс тропосфералық ағындармен Қазақстанға Қара теңіздік циклон ығысып, жаңбыр, мұзды жаңбыр, жылбысқы қар, бұрқасынмен күшті оңтүстік-батыс желін және жылуды алып келеді. Тек түнде ғана емес, күндіз де ауа температурасы минус 6… плюс 5°С болжанады. Мұндай жоғары температура мен жауын-шашынға байланысты ауа райының өте қауіпті құбылыстарына көктайғақ пен тұман қосылды. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста оңтүстік циклонмен сондай-ақ жауын-шашын, жаңбыр, жылбысқы қар жауады, ауа температурасы плюс 5…10°С-қа дейін, қиыр оңтүстікте плюс 12…18°С-қа дейін жоғарылайды. Қазақстанның бүкіл аймақтарында алдағы үш тәуліктерде ауа температурасы климаттық нормадан 8…16°С-қа жоғары сақталады, - делінген хабарламада.6 ақпанда Ақтөбе облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ сақталады. 6 ақпанда түнде және таңертең Түркістан облысының кей жерлерінде тұман, оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші 15-20 м/с жетеді.
Ертең Шығыс Қазақстан облысында күндіз кей жерлерде жауын-шашын (көбінесе қар) болады. Кей жерлерде бұрқасын, тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысып кей жерлерде 15-20, күндіз екпіні 25 м/с жетеді.
6 ақпанда Қызылорда облысының кей жерлерінде тұман сақталады. Оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан жел соғады, таңертең және күндіз күші кей жерлерде 15-20 м/с сақталады.
06 ақпанда Қостанай облысының кей жерлерінде бұрқасын, тұман, көктайғақ болады. Батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғады, күші кей жерлерінде 15-20 м/с жетеді.
6 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысында түнде басым бөлігінде жауын-шашын (көбінесе қар) болады. Кей жерлерінде бұрқасын, тұман, көктайғақ болады.
Оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде кей жерлерде күші 15-20 м/с, күндіз күші 15-20, екпіні 23-28 м/с.