Елімізде 1 млн-нан астам жалдамалы жұмыскер МӘМС жарнасын төлеуден босатылды

28 Тамыз 2020, 11:35
971
Бөлісу:
Елімізде 1 млн-нан астам жалдамалы жұмыскер МӘМС жарнасын төлеуден босатылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, еліміздегі ірі, шағын және орта бизнесте еңбек етіп жатқандар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен  босатылған.

ҚР Үкіметінің 2020 жылы 20-сәуірдегі №224 қаулысы бойынша шағын және орта бизнестің 29 санаты 1 сәуірден 1 қазанға дейін, ірі бизнестің 10 санаты 1 шілдеге дейін салықтан босатылған болатын. Осы уақыт ішінде аталған тізімге енген кәсіпкерлік нысан қызметкерлері МӘМС жүйесінде сақтандырылған болып саналады. Қазіргі таңда еліміз бойынша 1 млн астам жалдамалы жұмыскер жарна төлеу міндетінен босатылды. Алматы қаласында олардың саны 117 мыңға жетіп жығылады, - дейді Әбілдаев.

Жеңілдікті пайдалану үшін жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлері туралы мәліметті Қордың msb.fms.kz сайтына орналастыруы тиіс. Тізім айына бір рет жаңартылады.

Мәліметті төлемнен босатылған кәсіпорын жұмыскерінің өзі де енгізе алады. Ол үшін Қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасын жүктеп, «ШОБ қызметкерлеріне» деген қосымшаны басады, компанияның БИН-ін, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін бекітіп, сауал жолдайды. Біздің мамандар келіп түскен сауалдарға бір жұмыс күні ішінде жауап береді. Егер жолданған мәліметтер дұрыс болса, азаматқа 1 айға уақытша статус беріледі. Қарыз қордаланбас үшін бұл жұмысты 1 қазанға дейін атқару қажеттігін кәсіпкерлердің есіне салғым келеді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы