Еліміз Парижде өтетін балалар Евровидениесіне қатысады

29 Қыркүйек 2021, 15:12
4548
Бөлісу:
Еліміз Парижде өтетін балалар Евровидениесіне қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина хабарлады. 

Оның айтуынша, бүгін халықаралық ән байқауының Ұлттық іріктеуіне қатысуға өтінім қабылдау басталды.

«Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауына 9 бен 14 жас аралығындағы жас орындаушылар қатыса алады.

Еліміз 19 желтоқсан күні Париждегі La Seine Musicale концерт залында өтетін балалар Евровидениесі-2021 ән байқауына қатысқалы отыр. Ел намысын қорғайтын өнерпазды іріктеу 4 кезеңнен тұрады. Іріктеудің жеңімпазы халықаралық сайыста Қазақстан атынан шығатын болады, - деді Динара Бисембина.

Айта кететін жайт, еліміз бұл байқауға осымен төртінші мәрте қатысқалы отыр. 2018 жылы алғаш рет халықаралық додада Данэлия Төлешова ел намысын қорғаған еді. 2019 жылы Ержан Максим оқ бойы оза шауып, жалпы екінші орынды, қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ал 2020 жылы пандемия салдарынан онлайн өткен сайыста Қарақат Башанова екінші орынға табан тіреді.

Биыл 19-рет түндігі түрілгелі отырған балалар ән байқауына 19 ел қатысады деп күтілуде. Олар: Албания, Армения, Әзірбайжан, Болгария, Франция, Грузия, Германия, Ирландия, Италия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Испания және Украина.

Өзгелердің жаңалығы