Еліміз бойынша жол сапасы ең жақсы өңірлер анықталды

5 Ақпан 2020, 21:34
2401
Бөлісу:
Еліміз бойынша жол сапасы ең жақсы өңірлер анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда және Түркістан облыстары республикалық жолдар желісінің сапасы бойынша ел өңірлері арасында көш бастап тұр. 

Бүгінгі таңда аталған облыстарда жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 100%-ға жетті.

2020 жылдың қаңтарындағы жағдайға сәйкес Қызылорда облысындағы жолдардың мыңнан астам шақырымы мен Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының 900-ге жуық шақырымының сапасы жақсы. Рейтингтегі екінші орынға Алматы облысы жайғасқан. Мұндағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 98,6% жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда.

Республикалық маңызға ие жолдардың сапасы бойынша ең төменгі көрсеткіш Атырау облысына тиесілі – 66%. Ал Ақтөбе облысында жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдардың үлесі тек 69,1% құрайды.

Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдарды салу, қайта жаңарту және жөндеу кезінде жол сапа көрсеткіші бойынша бақылаудың бірнеше сатысынан өтетіндігін айта кету керек. Жол жабындысының жағдайын  соңғы кезеңде Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандары тексереді.  

Еске салайық, 2019 жылы The Global Competitiveness Report-тың жыл сайынғы есебінде жарияланған Дүниежүзілік экономикалық форум мамандарының зерттеуіне сәйкес Қазақстан жол инфрақұрылымының сапасына қатысты рейтингте 13 сатыға көтеріліп, 93 орында орналасты. Тұтастай алғанда, Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 24,8 мың шақырымды құрайды. Олардың 88% жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда.

Өзгелердің жаңалығы