Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы биыл су тасқынының алдын алу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көктем келді. Қазақстанға көктем келді дегенде су тасқынының қатері қатар келді деуге болады. Былтыр еліміз алапат су тасқынының астында қалып, еліміздің тең жартысы су басты. Еліміздің 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Оның салдарын жоямыз деп Үкіметтің резервінен 46,9 млрд теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен де есепсіз қаржы кетті, - деді депутат.
Аралбайұлы айтқандай, су тасқынының алдын алу жұмыстары дұрыс жүргізілгенде қаржыны басқа мақсатта, елдің әлеуметтік мәселелерін қолдануға болар еді.
Болар іс болды. Осыған қатысты былтыр Мемлекет басшысы Су, Төтенше жағдайлар министрліктері, әкімдіктер бірлесіп жұмыс атқармайтынын, жауапкершілік алудан қашатынын айтып, сынаған болатын. Осы сыннан қорытынды шықты ма, Төтенше жағдайлар министрлігі? "Биыл Қазақстанда бірде-бір елді мекен су астында қалмайды" деп, елге тыныштық сыйлай аламыз ба, жоқ па? - дейді Мәжіліс депутаты.
Ол министрлікке елімізде 1223 елді мекен су астында қалуы мүмкін деген ақпарат таратып жатқандарын айтты.