Елімізге Starlink жабдығының алғашқы 500 данасы жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді.
Алматыға жабдықты қабылдау барысын арнайы тексеру үшін келдім. Келесі аптада Түркістан және Ақмола облыстарындағы Starlink орнатуға толық дайын мектептерге жабдықтарды жеткізу басталады. Аталған облыстардың әкімдіктері барлық дайындық жұмысын жақсы жүргізді, - деп жазды ведомство басшысы.
Айтуынша, қалған өңірлерге 10 күннен кейін келетін келесі кезекте жеткізіледі.
Барлығы 20 күн ішінде 2000 жинақ келеді, олар елдегі 2000 шалғайдағы ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді, - деп атап өтті министр.
Айта кетейік, Starlink терминалы - SpaceX компаниясының өнімі. Бірақ әзірге бұл интернет-қосылысты пайдалану заңсыз. Министр еліміздің азаматтарына шетелдік спутниктік жүйелерді пайдалану бойынша түзетулер енгізу жоспарда барын ескерткен еді.